• kz
  • ru
  • en
  • Алматыда 200 келіге жуық қайта өңделетін қалдық жиналды

    Алматының Алмалы ауданындағы Lake Town тұрғын үй кешенінде өткен экологиялық акцияға қатысушылар 200 келіге жуық қайта өңдеуге жарамды қалдық жинады. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады, деп жазады infotabigat.kz.

    Пластик бөтелкелер мен қақпақтар, макулатура, шыны ыдыстар, алюминий банкалар, батарейкалар мен құрамында сынап бар шамдар полигонға тасталмай, қайта өңдеуге жіберілді.

    Акциядағы ерекше орындардың бірі пластик ұсақтайтын велосипед құрылғылары болды. Қатысушылар педальді өздері айналдырып, пластик қақпақтарды ұсақтады. Осылайша күнделікті тұрмыстағы қалдықтардың жаңа бұйым жасауға қажетті шикізатқа айналу үдерісімен танысты.

    Қайта өңделген пластиктен жиһаз, интерьер бұйымдары, тіреуіштер, салпыншақтар және түрлі арт-нысандар жасалады.

    Акцияны қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамыту және экологиялық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыс істейтін ECO Network экологиялық қауымдастығы ұйымдастырды.

    Spread the love