EcoQolday жүйесі іске қосылғаннан бері оның қатысушыларына төленген қаражат көлемі 5,9 млрд теңгеден асты. Осы кезеңде жүйе арқылы 180,5 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, жасалған шарттар саны 113-ке жетті, деп хабарлайды infotabigat.kz.
EcoQolday – қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласындағы бизнесті қолдауға арналған цифрлық платформа. Бүгінде жүйе аясында қалдық жинаушылармен 78, қайта өңдеушілермен 21 және толық циклді кәсіпорындармен 14 шарт жасалған.
Жалпы төлем көлемі 5,943 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2024 жылы 4,6 млн теңге, 2025 жылы 884,4 млн теңге төленді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында төлем көлемі 5,054 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар EcoQolday арқылы қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтардың көлемі де артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,07 мың тоннаны, 2025 жылы 49,34 мың тоннаны құрады. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында қайта өңдеуге 120,14 мың тонна қалдық жіберілді. Жүйе іске қосылғаннан бергі жалпы көлем 180,5 мың тоннаға жетті.
EcoQolday мүмкіндіктерін сала кәсіпорындарымен қатар жеке және заңды тұлғалар да пайдалана алады. Олар мобильді қосымша арқылы шыны ыдыстарды, қағазды, картонды, пластик қаптама мен пленканы өткізуге өтінім беріп, жинаушыны таңдап, жиналған қайталама шикізатты тапсыра алады.

