• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстандық оқушы Earth Ambassadors қозғалысының президенті болып тағайындалды

    Астанадағы №71 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айгерім Жиенбек соңғы екі жыл бойы экология, жастар дипломатиясы, халықаралық ынтымақтастық және білім беру салаларындағы жобаларға белсенді қатысып келеді. Жақында ол Earth Ambassadors («Жер амбассадорлары») халықаралық жастар қозғалысының президенті атанды, деп хабарлайды infotabigat.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Айгерім қоғамдық қызметін сегізінші сыныпта бастаған. Алғашында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесіп, кейін қозғалыстың халықаралық қатынастар бөлімінің үйлестірушісі болған. Осы кезеңде оқушы Эстония, Біріккен Араб Әмірліктері және Бразилия елшіліктерімен байланысты іс-шараларға қатысып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан.

    Сонымен қатар Айгерім португал тілі мен мәдениетін дәріптеу мақсатында тіл клубын құрған. Сондай-ақ гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғауға арналған жеке іс-шара ұйымдастырған.

    Оқушының экология саласында да жетістіктері бар. Айгерім Pro Eco республикалық байқауында екінші орын алып, өз жобасын Қазақстанның Экология министріне таныстырған. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ағаш отырғызу іс-шараларына, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен және бизнес өкілдерімен бірлескен экологиялық жобаларға қатысқан.

    Қыркүйек айында Айгерім қозғалыстың президенті болып тағайындалды. Қазір жас көшбасшы жастар бастамаларын қолдауға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөліп жүр.

    Айгерімнің тәжірибесі оқушылардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты дамуға үлес қоса алатынын көрсетіп отыр.

    Spread the love