• kz
  • ru
  • en
  • Ақтауда 2000 тоннадан астам қоқыс үйіндісі шығарылды

    Ақтау қаласында заңсыз төгілген қоқыс үйінділерін жою және қала аумағының санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қаладағы қоқыс жиналған бірқатар аумақты аралап, санитарлық тазарту жұмыстарының барысымен және тазалауды қажет ететін учаскелердің жағдайымен танысты, деп хабарлайды infotabigat.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Сапар барысында қала басшылығы 29А шағын ауданындағы қоқыс жиналған аумақты тексерді. Аумақтың санитарлық жағдайын бағалау қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары қоқыс үйіндісін тазарту жұмыстарын құрылыс компанияларына міндеттеді.

    Бұдан кейін қала басшылығы өндірістік аймақтардың бірінде жүргізіліп жатқан санитарлық тазарту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Аталған аумақта заңсыз төгілген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін тазарту жұмыстарына 13 құрылыс компаниясы арнайы техникасымен қолдау көрсетіп, нәтижесінде 2000 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

    Сонымен қатар, қала әкімі Мақсат Мұқаш аталған аумақтағы санитарлық тазарту жұмыстарының аяқталуға жақын екенін атап өтті.

    Қазіргі таңда 40 метрге жуық аумақ тазаланды. Жұмыстарды бірнеше күн ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл аумақтағы жұмыстар аяқталғаннан кейін тиісті мамандарды 29А шағын ауданына жұмылдырамыз, – деді Мақсат Мұқаш.

    Қала аумағындағы заңсыз қоқыс үйінділерін жою және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

    Spread the love