«Astana ESG Forum 2026» аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясы және «Жасыл экономика» және G-Global даму коалициясы «ReStart» жобасының 11-маусымын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Жоспар мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық білім беру мен тұрақты даму бастамаларын ілгерілетуге бағытталған. Құжат Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға студент жастарды тартуды және жоғары оқу орындарында айналымды экономика қағидаттарын дамытуға қолдау көрсетуді көздейді.

Жоспар аясында студенттердің экологиялық бастамаларын қолдау, жоғары оқу орындарында эко-клубтар мен ғылыми қауымдастықтарды дамыту, қалдықтарды бөлек жинау жобаларын іске асыру және «жасыл кампустарды» қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ экологиялық жобаларды ілгерілетіп, оларға серіктестер мен инвесторларды тарту жоспарланып отыр.
«ReStart» жобасы CCI Kazakhstan компаниясының «3.2.1. Start!» бастамасының он жылдық тәжірибесіне негізделген. Өткен жылы жоба жаңа форматқа көшіп, тұрақты даму мен экологиялық ағартуға басымдық берді.
2024 жылы жобаның тоғызыншы маусымына Қазақстанның жеті өңірінен 14 жоғары оқу орны қатысып, 100 мыңнан астам студентті біріктірді. Қатысушылар 35 тоннадан астам пластик қалдығын жинады. 2025 жылы өткен мерейтойлық оныншы маусымға 10 өңірден 24 жоғары оқу орны қатысып, 67 421 келі пластик жинады. Жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіліп, жаңа бұйымдар өндіруге пайдаланылды.
Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының корпоративтік қатынастар және тұрақты даму жөніндегі директоры Дияс Джубандыковтың айтуынша, мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы экологиялық идеяларды нақты бастамаларға айналдыруға мүмкіндік береді. Ал «Жасыл экономика» және G-Global даму коалициясының басқарма төрағасы Алия Рахимбекова экологиялық білімнің практикалық тәжірибемен ұштасуы маңызды екенін атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі аппарат басшысы Мадияр Қожахметтің сөзінше, жоспарды іске асыру экологиялық жауапкершілігі жоғары жаңа буынды қалыптастыруға және университеттерде тұрақты даму тәжірибелерін дамытуға ықпал етеді.
Тараптар жоспарды іске асыру «ReStart» жобасының тәжірибесін кеңейтуге, жоғары оқу орындарында тұрақты даму қағидаттарын енгізуге және академиялық орта, бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді деп күтеді.

