• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстан COP31 аясында климаттық инвестицияларды тартудың ұлттық платформасын іске қосты

    10 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында Қазақстанның Елдік климаттық инвестициялар платформасының (QCIP) архитектурасы таныстырылды. Бұл – мемлекеттік органдарды, халықаралық қаржы институттарын, климаттық қорларды, инвесторлар мен жобаларды әзірлеушілерді біріктіретін қаржыландыруды үйлестіру және тартудың ұлттық тетігі, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Платформаның негізгі мақсаты – басым климаттық жобалар портфелін қалыптастыру, олардың инвестициялық тартымдылығы мен дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ ішкі және халықаралық капиталды тартуды қамтамасыз ету.

    QCIP Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен ұлттық уәкілетті орган ретінде жұмыс істейді. Ал оның хатшылығы Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының (IGTIC) базасында орналасады. Платформа экономиканың барлық салаларын қамтып, климаттық бастамаларды іске асыруда мемлекеттік органдар мен халықаралық әріптестердің күш-жігерін үйлестіруге арналған алаңға айналады.

    QCIP-тің салалық бағыттарының бірі – Қазақстанның Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі инвестициялық платформасы (QaJET). Оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қолдауымен әзірлеуде.

    Платформаның негізгі мақсаты – 2035 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің қуатын кемінде 10 ГВт-қа жеткізу, сондай-ақ электр желілерін жаңғырту, энергия жинақтау жүйелерін дамыту және түпкілікті тұтынушыларды электрлендіруді қамтамасыз ету.

    Іс-шара аясында екі меморандумға қол қойылды.

    Бірінші меморандум – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі және ЕҚДБ бастаған QaJET платформасының әріптестері арасындағы серіктестік туралы. Бұл құжатқа қол қою платформаның ресми түрде іске қосылғанын білдіреді.

    Екінші меморандум – QCIP аясында Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы мен Қазақстанның Даму Банкі арасындағы QaJET бойынша ынтымақтастық туралы.

    QCIP платформасының іске қосылуы Қазақстанның климаттық міндеттемелерден нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға көшуіндегі маңызды қадам болды. Бұл бастама халықаралық әріптестікті кеңейтуге және төмен көміртекті экономиканы дамытуға жеке капитал тартуға мүмкіндік береді.

    Spread the love