• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстан павильонында 9 келісім мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

    11 қарашада Анталья қаласында (Түркия) өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында халықаралық климаттық ынтымақтастықты дамытуға арналған мазмұнды күн өтті. Күннің басты оқиғалары бес келісім мен төрт меморандумға қол қою, сондай-ақ айналым экономикасы, климаттық қаржыландыру және жасыл технологияларды енгізу мәселелері бойынша панельдік сессиялар болды, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Күннің басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен екі негіздемелік келісімге қол қою болды.

    Бірінші келісім VEMA S.A. және Carbon Bridge Central Asia Ltd. компанияларымен жасалды. Құжат QazaqGaz Aimaq газ желілеріндегі метанның жылыстауын анықтау және жою жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Екінші құжат «SAFC» ЖШС және SEFE Marketing & Trading Ltd. компанияларымен жасалып, Алматы облысында орман өсіру және тозған жерлерді қалпына келтіруге бағытталған. Екі жоба да Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

    Сондай-ақ осы күні Түркістан облысында қуаты 150 МВт және Қостанай облысында қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салуға, сондай-ақ 1,35 млн интеллектуалды газ есептегішін орнатуды және табиғи газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін құруды көздейтін «Aqyl Energy» жобасын іске асыруға қатысты тағы үш келісімге қол қойылды.

    Күннің маңызды нәтижелерінің бірі «Жасыл даму» АҚ-ның «АРМ», PUZER, NULOOP және LoopEnerGren Capital компанияларымен ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қоюы болды. Құжаттарға қоғамның Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қол қойды. Келісімдер қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, оларды жинаудың заманауи жүйелерін енгізуге, литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге және жаңартылатын энергетиканы дамытуға бағытталған.

    Қазақстан павильонының іскерлік бағдарламасы тақырыптық панельдік сессиялармен толықты. «Міндеттемелерден іске асыруға дейін: Орталық Азиядағы айналым экономикасы бойынша әріптестіктің негіздемелік бағдарламасы» атты кездесуде «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай Қазақстанның қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыру, қайта өңдеу саласын дамыту және инвестициялар тарту жөніндегі жоспарларын таныстырды. Талқылауға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, Орталық Азия елдерінің өкілдері, Жапониядан келген қатысушылар мен сарапшылар қатысты.

    «Түркі әйел-кәсіпкерлері: нақты экономикаға арналған климаттық қаржыландыру» сессиясы аясында қатысушылар климаттық инвестицияларға қол жеткізу және әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.

    Тәжірибе алмасудың тағы бір алаңы «Жасыл технологияларды енгізу, тұрақты инфрақұрылымды дамыту және инвестициялар тарту бойынша қалалардың тәжірибесі» атты панельдік сессия болды. Талқылауға БҰҰ-Хабитаттың атқарушы директоры Анаклаудия Россбах, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл, Астана қаласының Урбанистика орталығының өкілдері қатысты. Модератор ретінде БҰҰ-Хабитаттың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесінің директоры Ерфан Әли сөз сөйледі. Негізгі назар экологиялық тұрақты қалаларды дамыту және қалалық инфрақұрылымға инвестициялар тарту жөніндегі практикалық шешімдерге аударылды.

    Күн қорытындысы Қазақстанның COP31-дегі павильоны жұмысының нақты нәтижелерге бағытталғанын көрсетті. Қол қойылған келісімдер, жаңа әріптестіктер және халықаралық тәжірибе алмасу климаттық жобаларды іске асыруға, жасыл экономиканы дамытуға және Қазақстанға инвестициялар тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

    Spread the love