Қарағанды облысында биыл елді мекендерді көгалдандыру маусымы қорытындыланды. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңір қалалары мен ауылдарында ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Ең көп көшет Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданында егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Елді мекендерді көгалдандыру және орман қорын молайту мәселелері облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, өңірде бар жасыл желектерді түгендеу жұмыстары да жүргізілуде. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп әзірленген, жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылатын GreenMap қосымшасы арқылы бүгінге дейін 1,2 миллионнан астам ағаш цифрлық картаға енгізілген.
Орман қорын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Көктемде Қу және Қарағанды орман шаруашылықтарының аумағына қылқанжапырақты және жапырақты ағаштардың 1,7 миллион көшеті отырғызылды. Ал күзде Ақтоғай орман шаруашылығында үйеңкінің тағы 210 мың көшеті егілді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Тазабековтің мәліметінше, соңғы бес жылда отырғызылған көшеттер саны 2,4 есе артқан. Ал орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген аумақтың көлемі 1,6 есеге ұлғайған. Келер жылы облыс бойынша 2,5 миллион көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы орман тәлімбағы жұмыс істейді. Биыл онда 2,8 миллион көшет өсірілген.
Бұдан бөлек, жабық тамыр жүйесі бар көшеттер өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Кешен жылына 1 миллион көшет өндіруге қауқарлы болады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көгалдандыру жұмыстары науқандық сипатта қалмай, үздіксіз әрі жүйелі жүргізілуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ағаш отырғызумен ғана шектелмей, олардың жерсінуіне, өсуіне және сақталуына да айрықша көңіл бөлу қажет.
Алдағы көктемгі ағаш егу маусымына дайындықты қазірден бастаған жөн. Әсіресе орманды қалпына келтіру жұмыстарының сапасына баса мән беру керек. Жұмысты осылайша жүйелі ұйымдастыру арқылы ғана өңірдің жасыл қорын біртіндеп ұлғайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға және елді мекендерде өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға болады, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі жасыл желектерді уақытылы суарып, күтіп-баптау жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды. Бұл міндеттерді нәтижелі жүзеге асыру үшін облыстық басқармалар, аудан-қала әкімдіктері мен тұрғындардың бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

