2025 жылғы 20-23 қазан аралығында Бейжіңде ҚКП Орталық Комитетінің 20-шақырылымдағы 4-пленумы табысты өтті. Пленумның басты нәтижесі – Қытайдың алдағы бес жылдағы экономикалық және әлеуметтік дамуын жүйелі жоспарлау мен стратегиялық бағыттарын айқындаған «Халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың он бесінші бесжылдық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ҚКП Орталық Комитетінің ұсыныстарын» талқылау және қабылдау болды. Мұндай пікірді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь бөлісті, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Бесжылдық жоспарларды ғылыми тұрғыдан әзірлеу мен дәйекті жүзеге асыру – ҚКП-ның мемлекетті басқарудағы маңызды тәжірибесі әрі қытайлық ерекшелігі бар социализмнің елеулі саяси артықшылығы. Бірінші бесжылдықтан бастап он төртінші бесжылдыққа дейінгі барлық кезеңнің өзекті тақырыбы Қытайды жаңғырған социалистік держава ретінде қалыптастыру болды.
ҚКП-ның ХХ съезінде «екі кезеңнен тұратын» стратегиялық жоспар ұсынылып, оның ішінде 15-ші бесжылдық кезеңі маңызды орын алды. 2035 жылға қарай социалистік жаңғыртуды негізінен жүзеге асыру көзделген, ал алғашқы қадам – 14-ші бесжылдық кезең бұл бағытта берік іргетас қалап, сәтті бастау болды. Қытайдың экономикалық қуаты, ғылыми-техникалық әлеуеті және жалпы ұлттық күші жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылы Қытайдың ЖІӨ шамамен 140 трлн юаньға жетеді деп күтілуде.
15-ші бесжылдық кезең елдің негізін нығайтып, жан-жақты дамуына бағытталған шешуші саты болмақ. Қытайдың даму ортасы қазір терең және күрделі өзгерістермен бетпе-бет келіп отыр: стратегиялық мүмкіндіктер тәуекелдер мен сын-тегеуріндермен қатар жүр, ал белгісіз және болжауға қиын факторлардың саны артып келеді. Дегенмен, Қытай экономикасының мықты іргетасы, көптеген артықшылықтары, тұрақтылығы мен зор әлеуеті өзгеріссіз қалып отыр, сондай-ақ қолдаушы шарттар мен ұзақ мерзімді жақсару үрдісі сақталады.
Сонымен қатар, қытайлық ерекшелігі бар социалистік жүйенің басымдықтары, аса ірі нарықтың мүмкіндігі, толыққанды өнеркәсіптік жүйе мен мол адами ресурстардың артықшылықтары барған сайын айқын көрініс тауып отыр.
Пленумда 15-ші бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі мақсаттары айқындалды. Атап айтқанда: жоғары сапалы дамуда елеулі нәтижелерге қол жеткізу, ғылыми-технологиялық дербестік пен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін айтарлықтай арттыру, реформаларды тереңдету бағытында жаңа серпілістер жасау, қоғамның өркениеттілік деңгейін едәуір көтеру, халық өмірінің сапасын үздіксіз жақсарту, «Көркем Қытайды» құру ісінде жаңа маңызды жетістіктерге жету және ұлттық қауіпсіздік қалқанының сенімділігін күшейту міндеттері қойылды.
Осы негізде алдағы бес жылда табанды еңбек пен күрес арқылы 2035 жылға қарай Қытайдың экономикалық, ғылыми-технологиялық, қорғаныс және жалпы ұлттық қуатын, сондай-ақ халықаралық ықпалын айтарлықтай арттыру көзделген. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі орта дамыған елдердің көрсеткішіне жетіп, халық өмірі анағұрлым бақуатты әрі жарқын болмақ, ал социалистік жаңғырту негізінен жүзеге асырылады.
Даму – Қытайдың барлық мәселелерін шешудің негізі және басты тетігі. 15-ші бесжылдық кезеңде жоғары сапалы дамуды негізгі қағида ретінде берік ұстанып, жаңа даму тұжырымдамасын нақты әрі жан-жақты жүзеге асыру қажет. Сондай-ақ, жаңа даму құрылымын қалыптастыруды жеделдетіп, жергілікті ерекшеліктерге сай жаңа өндіргіш күштерді дамытуды басты назарда ұстау керек. Ғылыми-технологиялық инновациялар жетекшілік ететін, нақты экономикаға сүйенетін заманауи өнеркәсіптік жүйені жылдам қалыптастыру арқылы экономиканың тұрақты және сапалы дамуына, қоғамның жан-жақты ілгерілеуіне қол жеткізу көзделіп отыр.
Жоғары сапалы дамуды ілгерілету үшін халықтың мүддесін әрдайым бәрінен биік қою қажет. Халыққа бағытталған даму философиясын ұстана отырып, халықтың тұрмысын жақсарту мен әл-ауқатын арттыруды дамудың бастапқы және түпкі мақсаты ету керек. Қытайлық үлгідегі жаңғыртудың түпкі мақсаты – бүкіл халықтың ортақ өркендеуіне қол жеткізу, ал бұл жетістіктердің бәрі әділ әрі кең ауқымда халық арасында бөлінуі тиіс.
ҚКП тарапынан жан-жақты басшылық – жоғары сапалы дамуды ілгерілетудің негізгі кепілі. Тек ҚКП Орталық Комитетінің беделін бұлжытпай қорғап, оның бірыңғай орталықтандырылған басшылығын қолдай отырып, партияның жетекшілігін экономикалық және әлеуметтік дамудың барлық кезеңдері мен бағыттарында жүзеге асырғанда ғана партияның жалпы басқару мен үйлестірудегі шешуші рөлін толық іске асырып, экономикалық және әлеуметтік дамуға қуатты біріктірілген күш қалыптастыруға болады.
Қытай мен Қазақстан – жаңғыртудың жолындағы серіктес елдер. Пленумда сыртқы ашықтықты жоғары деңгейде кеңейту, өсудің жаңа қозғалтқыштарын үнемі ашу, жаңа бағыттарды игеру және жаңа басымдықтар қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл, сөзсіз, барлық елдердің ортақ дамуы үшін кең мүмкіндіктер туғызады.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде: «Қытай мен Қазақстан өз дамуы мен жаңғыруының маңызды кезеңінде тұр және екеуі де жаңғыртудың ортақ жолындағы серіктес елдер», – деп атап өтті.
Қытай тарапы 15-ші бесжылдық жоспарды әзірлеу мен жүзеге асыруды Қазақстанмен даму стратегияларын үйлестіруді күшейтудің, саяси өзара сенімді тереңдетудің, екі тараптың негізгі мүдделері мен маңызды мәселелері бойынша бір-бірін нық қолдаудың, сондай-ақ жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтудың мүмкіндігі ретінде қарастырады.
Біз бірлесе отырып, мәңгі достыққа, терең өзара сенім мен ынтымаққа, даму мен өркендеуге негізделген Қытай мен Қазақстанның ортақ тағдыр қауымдастығын құруға атсалысып, екі халыққа көбірек игілік әкеліп, өзгерістер мен сын-тегеуріндер тоғысқан әлемге тұрақтылық пен оң қуат енгізетін боламыз.

