• kz
  • ru
  • en
  • ІТЕС бағдарламасымен 1,5 мыңға жуық қазақстандық кәсіби даярлықтан өтті

    Жиырма үш жылдан бері 1,5 мыңға жуық қазақстандық Indian Technical and Economic Cooperation (ІТЕС) бағдарламасы арқылы арнайы кәсіби даярлықтан өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің сұранысы бойынша алдағы уақытта ақпараттық соғыс пен криптология бағыттарында жаңа оқу курстары енгізіледі. Бұл туралы Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал айтты, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.

    Астанада Үндістанның ITEC бағдарламасының 61 жылдығына орай оның түлектері бас қосты.

    Фотолар: Үндістанның Қазақстандағы елшілігі

    Бұл бастама Үндістанның білім мен тәжірибені бөлісуге, кадрлық әлеуетті арттыруға және әлем елдерімен достық байланыстарды нығайтуға деген айнымас ұстанымының жарқын көрінісі. Қазақстан үшін бұл күн – екі ел арасындағы ежелден қалыптасқан достық пен өзара түсіністіктің нышаны. Қазақстан 1992 жылдан бері ITEC бағдарламасының сенімді серіктесі болып келеді. Осы жылдар ішінде 1471 қазақстандық маман, соның ішінде азаматтық саланың 1100-ден астам өкілі мен 371 әскери қызметші Үндістанда арнайы кәсіби даярлықтан өтті, – деді елші түлектердің жиынында.

    Дипломаттың айтуынша, осы уақытқа дейін ITEC бағдарламасы 160 серіктес елдің 200 мыңнан астам маманына жаңа білім мен дағды алуға мүмкіндік берді. Тек биылдың өзінде 15 мыңнан аса адам онлайн және офлайн форматтағы курстарды оқыған. Бағдарлама ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, инженерия және мемлекеттік басқару сияқты маңызды салаларды қамти отырып, жеке тұлғаларды дамытып, инновация мен тұрақты дамуға жол ашады.

    Елші екі елдің ынтымақтастығының білім беру бағыты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін дамыту және әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарын қалыптастыру жөніндегі көзқарасымен үндес келетінін атап өтті.

    ITEC және Үндістанның Мәдени байланыстар кеңесі (ICCR) сияқты қосымша бастамалар арқылы Үндістан қазақстандық студенттер мен оқытушыларға өз саласының үздік оқу орындарында білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беріп келеді. Бұл бағдарламалар тек оқыту емес, сондай-ақ өзара түсіністік пен сенім көпірі. Олар халқымыздың ортақ болашағына бағытталған ниет пен ынтымақты нығайтады. Алдағы уақытта Үндістан осы ынтымақтастықты кеңейтіп, жасанды интеллект, жасыл технология және әйелдер көшбасшылығы салаларында жаңа курстар ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, цифрлық білім беру, кәсіби даярлық және бірлескен зерттеу бағыттарында да серіктестігімізді тереңдету көзделуде. Бұл бастамалар Қазақстанның «Жаңа Қазақстан» стратегиясының мақсаттарына сай келеді, – деп қосты дипломат Я.К. Сайлас Тангал.

    Үндістанға ІТЕС бағдарламасы арқылы барған түлектер тәжірибесін бөлісті.

    Солардың бірі – «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің және «Global Nature Initiative» қоғамдық қорының ғылыми қызметкері әрі жетекшісі, PhD Арман Асанбаев. Ол ITEC-Executive Course on Capacity Building for Wildlife and Conservation Practitioners және International Big Cats Alliance (IBCA) бағдарламасының қатысушысы.

    Қазақстандық ғалымның қатысқан бағдарлама ұлттық парктер қызметкерлері мен табиғатты қорғау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған болатын. Оған 26 елдің өкілдері қатысып, Үндістандағы биоалуантүрлілікті және жолбарыстарды қорғау бағытындағы табысты тәжірибесімен танысты.  Бағдарлама 2025 жылғы 10–16 ақпан аралығында Ассам штатындағы Казиранга ұлттық паркінде өтті.

    Қазиранга ұлттық паркінде шамамен мыңға жуық жолбарыс мекендейді және парк жануарларды бақылау мен қорғауда (patrolling and surveillance) әлем бойынша жетекші орталықтардың бірі болып саналады.

    Арман Асанбаевтың айтуынша, ол осы бағдарлама арқылы Үндістанда ғасырлар бойы қалыптасқан табиғатты қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі үздік халықаралық тәжірибемен танысқан. Ғалым Халықаралық ірі мысықтар алянсына мүше болуды көздеп отырғанын да атап өтті.

    Үндістанға барғандағы мақсатымызға жеттік. Үндістанның тәжірибесімен таныстық. Өзім қар барысын зерттеймін. Бұл бағытта Үндістанның тәжірибесі маңызды. Сондай-ақ, оларда табиғи парк маңында тұратын қауымның өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін жаңа концепция шыққан. Соны зерттеп бардым. Сонымен қатар, ол жерде күтпеген тәжірибені көрдім. Үндістанда ұлттық парктерде жануарларды құтқаратын және бейімдейтін орталықтар бар екен. Сол маған қызық болды. Енді соны біз өзімізде ашқымыз келеді. Сондай арманым бар. Ол үшін Халықаралық ірі мысықтар алянсының мүшелерімен кездестік. Сол алянсқа біз бақылаушы болып кірдік, енді мүше болғымыз келеді. Содан кейін ынтымақтасты нығайтып, жоспарымызды іске асыруға болады, – деді Арман Асанбаев.

    Сонымен қатар, Үндістанның Хайдарабад қаласында Халықаралық тілдер университетінде тағылымдамадан өткен Алтынай Қосыбаеваның айтуынша, бұл бағдарлама оның халықаралық деңгейдегі тәжірибесін арттыруға мүмкіндік берген.

    Тағылымдама барысында үнді халқының мәдениетімен танысып, басқа мемлекеттерден келген өкілдермен тәжірибе алмастық. Курстастармен бірлесіп сол тәжірибемізді пайдаланып, бірталай шара ұйымдастырдық. Халықаралық конференцияларға қатыстық. Бүгінде тығыз байланыспен жұмыс істеп жатырмыз, – деп бөлісті ІТЕС бағдарламасының 2025 жылғы түлегі.

    Жиынға арнайы қатысқан Қазақстанның ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жылдар бойы ITEC бағдарламасы Қазақстан мен Үндістан арасындағы білім көпіріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру, ғылым, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында мыңнан астам қазақстандық маман осы бағдарлама арқылы біліктілігін арттырған.

    Олардың тәжірибесі еліміздің адами капиталын және мемлекеттік институттардың әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосуда. Бүгінде жоғары білім саласындағы ынтымақтастығымыз бұрын-соңды болмаған деңгейде дамуда. Қазіргі таңда 21 қазақстандық жоғары оқу орнында он мыңнан астам үндістандық студент білім алуда – олардың көпшілігі медицина, инженерия және ақпараттық технологиялар бағыттарында оқып жатыр. Бұл әсерлі көрсеткіш үндістандық отбасылардың қазақстандық жоғары білім сапасы мен ашықтығына деген зор сенімін білдіреді, – деді вице-министр.

    Жиын соңында концерттік бағдарлама болды. Үндістанның Астанадағы мәдени орталығының би және саз инструменттері курсына қатысушылар өнер көрсетті.

    Айта кетейік, ІТЕС (Indian Technical and Economic Cooperation) бағдарламасы1964 жылы ашылды.

     

     

     

    Spread the love