Каспий итбалығын зерттеуші Әсел Баймұқанова жануарлардың мониторингін жариялады, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Эколог командасының 21 қазаннан бастап Каспий итбалықтарының өлімін мониторингілеп жатқанын ескертіп, 2 қарашаға дейінгі аралықта жағдай салыстырмалы түрде тыныш болғанын жазды. Айтуынша, солтүстік-батыс бағытындағы дауыл екі рет тіркелгенімен, бұл кезеңде бар болғаны 4 өлі итбалық табылған. Үшеуінің денесінде майы кесілген жарақат болған.

Фото: Әсел Баймұқанованың Instagram парақшасынан
Өлекселердің жаппай жағалауға шығуы 2025 жылғы 3 қарашадағы дауылдан кейін басталды. Біз 13 өлексені тапқан сәтте, бұл жаппай қырылу екенін түсіндік. Кейінірек Балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторы ресми есеп жүргізді — барлығы 112 итбалық өлексесі анықталды. Бұл – фото және бейнематериалдармен расталған ресми дерек, – деп жазды Әсел Баймұқанова Instagram парақшасында.
Маман осы уақыт ішінде Гидробиология және экология институтының мамандары 51 итбалықтың өлексесін зерттегенін атап өтті. Барлық өлексенің ыдырау деңгейі төртінші сатыда болғандықтан, ішкі ағзалары сынама алуға жарамаған.
Түсірілім тұрақты түрде жүргізілуде, сондықтан деректердің шынайылығына күмән туындамайды. Ең ауыр сәт – құрсақтағы төлдері бар аналықтарды табу. Мұндай сегіз жағдай тіркелді, – деп қосты ол.

Фото: Әсел Баймұқанованың Instagram парақшасынан
Эколог мониторинг қорытындысын жұмыстар аяқталған соң бөлісетінін ескертті.
Өлім себептеріне қатысты толық талдау келесі жылы дайын болады. Біз сіздерді үнемі хабардар етіп отырамыз. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында жүргізілуде, – деп бөлісті Әсел Баймұқанова.

