Астанада қытайлық кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облысының тауырларымен танысты. Елшілік пен әкімдік В2В кездесу ұйымдастырып, көршілес елге ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өңдеу өнімдерін жәрмеңкеде ұсынды, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.
Әсіресе, бал мен сирек кездесетін металдарға деген сұраныс жоғары болды. Мұндай форматтағы форум алғаш рет өтті.

Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлиньнің айтуынша, 2024 жылы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 43,82 миллиард долларды құрап, 6,8% артты. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың тоғыз айында тауар айналымы 35,45 миллиард долларға жетіп, 7,4%-ға өсті. Бұл көрсеткішті арттыруға Солтүстік Қазақстанның мүмкіндігі мол.
Бүгінде Қытай Қазақстан экономикасына 25,2 миллиард доллар инвестиция салып, елдің бес ірі инвесторының бірі болып отыр… Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстарға бай және Қытаймен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және пайдалы қазбаларды өндіру сияқты салаларда ынтымақтастық орнатуға әлеуеті зор. Бірқатар қытайлық кәсіпорын СҚО-ға инвестиция салып, зауыттар тұрғызды. Бұл аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына, сондай-ақ жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізді, – деді дипломат.

Солтүстік делегациясын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің өзі бастап келді. Оның айтуынша, биыл сегіз айда Қытай Халық Республикасымен тауар айналымы 105 миллион доллар болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен (50 миллион доллар) екі еседен астам жоғары.

Біздің өңір үшін қытайлық компаниялармен ынтымақтастық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті дамытуға кең мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі шараның форматына да ерекше тоқталғым келеді – бұл дөңгелек үстел мен B2B кездесу. Мұнда бизнес өкілдері өзара тиімді ынтымақтастықтың болашағын тікелей талқылап, байланыс орнатып, ең бастысы бірлескен жобалар үшін нақты өзара қызығушылық нүктелерін таба алады, – деп қосты өңір басшысы.

СҚО-дан келген «Радуга» ЖШС өкілі Людмила Макаренко мұндай жәрмеңкеге алғаш қатысып жатқанын және ерекше мүмкіндік екенін атап өтті.
Біз шикізатты өңдеп, пластикалық өнімдерін шығарамыз. Одан бөлек біз макулатураны қайта өңдеп, одан дәретхана қағаздарын дайындаймыз. Ассортиментіміз үлкен. Яғни, біз қайта өңдеумен айналысамыз. Бұдан басқа да өндірістеріміз бар. Тауарды ел ішінде және Ресей нарығына шығарамыз. Енді бүгінгі жәрмеңкені пайдаланып, Қытай кәсіпкерлеріне өнімдерімізді ұсынып жатырмыз. Біз үшін – үлкен мүмкіндік, – деп қосты компания өкілі.


