Алматы қаласында мектеп оқушыларына арналған, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды мақсат еткен жалпықалалық экологиялық челлендж басталды. Игі бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 1-11 сынып оқушыларын қамтиды, деп хабарлайды infotabigat.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Экологиялық калейдоскоп» атты онлайн-челлендж форматында оқушыларға электрон экологиялық ашықхаттар жасау ұсынылады. Жоба экологиялық ағартуды балалар мен жасөспірімдердің цифрлық және шығармашылық дағдыларын дамытуымен ұштастырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – экологиялық сауаттылықты арттыру, табиғатты қорғау идеяларын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақтың бойында тұрақты экологиялық әдеттер қалыптастыру.
«Қатысушылар өз жұмыстарында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, қалдықтарды бөлек жинау, су мен электр энергиясын үнемдеу, сондай-ақ «Таза қала – қауіпсіз болашақ» тұжырымдамасы сияқты тақырыптарды көтереді. Челлендж бірнеше кезеңнен тұрады. Ақпараттық кезеңде білім беру ұйымдарында қатысу шарттары түсіндіріледі. Шығармашылық кезеңде оқушылар электронды экологиялық ашықхаттар әзірлейді. Челлендж-эстафета кезеңінде дайын жұмыстар әлеуметтік желілерде #ЭкологиялықКалейдоскоп, #ЭкоАлматы, #ТазаҚазақстан хэштегтерімен жарияланады. Қорытынды кезеңде ең белсенді қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторлары ынталандырылады», – делінген хабарламада.

