Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы қолда бар үздік технологиялар тізімін жасады, деп хабарлайды infotabigat.kz Су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, үздік технологиялардың тізімін жасағанда, әсіресе экономиканың суды көп қажет ететін салаларына және беделді ғылыми-зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдардың ғылыми негіздемесіне мән берді. Тізім стратегиялық және концептуалдық құжаттардың мақсаттары мен индикаторларына сәйкес дайындалды. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы, Су және Экологиялық кодекстер және т.б.
Отырыста қатысушылар инновациялық және су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және саланың кадрлық әлеуетін нығайту ұсыныстарын да талқылады.
«Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамыту және алға қойылған міндеттерді шешу үшін ғалымдардың еңбегі өте маңызды. Министрлік жүзеге асыратын әрбір жобаның ғылыми негіздемесі болуы тиіс. Қолда бар үздік технологиялар тізімі су ресурстарын тиімді пайдалану үшін ең нәтижелі әдістерді анықтауға мүмкіндік береді»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

