Қазақ музыканттары, оның ішінде Астана, Ақтөбе, Петропавл және Көкшетаудың симфониялық оркестрі, камералық хоры және балет труппасы әлемде ұзақ уақыттан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық музыка фестивальдерінің бірі – 35-ші Лакшминараяна әлемдік музыка фестивалі (LGMF) аясында өнер көрсетеді, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.
Фестивальдік гастрольдік тур 2026 жылғы 16-25 қаңтар аралығында Нью-Дели, Чандигарх, Колката, Ченнай және Бангалор қалаларын қоса алғанда, Үндістанның бес ірі қаласын қамтиды.
Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы Ұлы Жібек жолынан бастау алатын терең тарихи байланыстардың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Осындай бастамалар мен ынтымақтастық үлгілерінің мәдени байланыстарымыздың дамуына терең әрі ұзақ мерзімді ықпал ететінімен келісетініңізге сенімдімін. Олар халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, жас өнерпаздарға шабыт береді және ресми қарым-қатынастар шеңберінен асып түсетін тұрақты мәдени көпірлер қалыптастырады. Музыка адамзаттың әмбебап тілі ретінде ежелден-ақ жүректер мен саналарды тоғыстыратын қуатты дипломатиялық құрал болып келеді, – деді елші Астанада өткен баспасөз брифингінде.

Ол мұндай жобалардың халықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтатынын, жас өнерпаздарды шабыттандыратынын және ресми дипломатиядан тыс ұзақ мерзімді мәдени көпірлер қалыптастыратынын атап өтті.
Осы үш бірдей өнер шеберінің бірлесіп қатысуы екі ел арасындағы сенімнің, өзара құрметтің және ортақ мәдени құндылықтардың жоғары деңгейін айқын аңғартады. Бұл, өз кезегінде, танымал мәдениет қайраткерлері бастамашы болатын мәдени алмасулардың берік әрі ұзақ мерзімді байланыстар орнатып, екіжақты ынтымақтастығымызды толықтырып, нығайта алатынына деген сенімді бекемдейді және үйлесімге, шығармашылыққа әрі ортақ адамзаттық құндылықтарға негізделген терең де мазмұнды мәдени қарым-қатынастың қалыптасуына негіз қалайды, – деп қосты дипломат.
Бағдарламаның негізгі бөлігі – LGMF фестивалінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, әйгілі үнді скрипкашысы және композиторы доктор Л. Субраманиамның «Navagraha Symphony» Үндістандағы премьерасы болмақ. Бұл ауқымды симфониялық шығарма тоғыз аспан денесіне және көне санскрит шлокаларына негізделген.

Үндістанда тоғыз ғаламшар адамның тағдырына айтарлықтай әсер етеді деп сенеміз. Олардың ішінде Сатурн, Нептун және Уран ең күрделілері саналады. Бұл ғаламшарлардың кезеңдері өмірде көптеген құлдырау мен өрлеуге әкеліп, кемелдену мен өзін-өзі тануға жол ашады. Музыка осы идеяларды бейнелейді және көне санскрит шлокаларына сүйеніп жазылған, – деді композитор Субраманиам.

Қазақстан атынан маэстро Абзал Мухитдин жетекшілік ететін Астана филармониясының симфониялық оркестрі, Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақстан камералық хоры және әйгілі «Gakku» би ансамблі қатысады. Олар үнді көрермендеріне қазақ музыкалық және хореографиялық өнерінің байлығы мен заманауи серпінін паш етеді.

Концерттік бағдарлама қазақ музыкасына арналған бөліммен ашылады. Бұл бөлімде Құрманғазы, Тәттімбет және Брусиловскийдің шығармалары орындалады. Астана филармониясының симфониялық оркестрінен бөлек, концертке Ақтөбе облысының хоры, Көкшетау және Петропавл филармонияларының музыканттары, сондай-ақ алғаш рет «Гәкку» би балеті қатысады. Қыркүйектен бастап дайындалып жатырмыз, – деп түйіндеді Абзал Мухитдин.

