Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкин қаласында орналасқан «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасының сауда-көрме орталығында Орталық Азия елдерінен әкелінген түрлі ерекше тауарлар ұсынылған. Олардың қатарында Қазақстанның құрғақ түйе сүті, Қырғызстанның балы және Өзбекстанның жібек бұйымдары бар, деп хабарлайды infotabigat.kz ақпарат агенттігі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Аумағы 23 мың шаршы метрді құрайтын бұл платформада көрме залы, Орталық Азияның бес елінің ұлттық павильондары, тауарларды таныстыру залы, Орталық Азия елдері мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы басқа мемлекеттердің сауда өкілдіктері, сондай-ақ шетелдік капитал қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдарға арналған кеңсе аймақтары орналасқан. Платформа тауарларды көрсету және өткізу, іскерлік келіссөздер жүргізу, электронды коммерция мен логистика саласында қызмет көрсету сияқты функцияларды біріктіреді.

Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясы ұсынған
Платформа инновациялық модель бойынша жұмыс істейді: тауарлар Нанкинде көрсетіліп, қоймалар шекара маңындағы аймақтарда орналасқан, ал қызмет ету аясы бүкіл елді қамтиды. Осылайша ол қытайлық және орталықазиялық кәсіпорындардың өзара нарықтарға шығуына ықпал ететін «әмбебап қонақ бөлмеге» айналды.
Нанкин қаласындағы «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен QazExportPromotion ұйымының тұрақты өкілі Аскар Даировтың айтуынша, бұл платформа қазақстандық экспорттаушыларды, қытайлық импорттаушыларды және логистикалық қызмет жеткізушілерін тікелей байланыстыратын өзіндік «маршрутизатор» іспетті.
Айта кетейік, «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасы 2025 жылы өткен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында ресми түрде іске қосылды. Оның алдында Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясы Нанкин қаласының Сюаньу ауданы үкіметімен бірлесіп құрған Цзянсу провинциясындағы Орталық Азия елдері орталығы жұмыс істеген. Бұл орталық 2024 жылдың қыркүйегінде өз қызметін бастаған.
Суретте Орталық Азия елдерінің азаматтары Нанкин қаласындағы «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасында өз елдерінің ерекше тауарларын таныстырып жатыр. /Фото Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd ұсынған/
Платформа операторы – Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd құрамындағы SOHO Asia-Europe Connectivity Technology (Nanjing) Co., Ltd компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда платформа өз жұмысына «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығын қоса алғанда, 34 мекеме мен кәсіпорынды тартқан.
Платформа арқылы келісілген Қытай мен Қазақстан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері, минералдық өнімдер және пайдаланылған автокөліктер бойынша импорт-экспортқа қатысты алдын ала тапсырыстардың көлемі жүздеген миллион АҚШ долларына жетіп, 600-ге жуық қытайлық кәсіпорынның даму мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті. Атап айтқанда, платформа басқа ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырған 2025 жылғы Цзянсу провинциясының импорт-экспорт тауарлары көрмесі (Астана) аясында жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдер жасалды.
Офлайн саудадан бөлек, платформа электронды коммерция саласында да қызмет көрсетіп, орталықазиялық кәсіпорындардың өнімдерін «бұлт» арқылы Қытай нарығына шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар Орталық Азия тұтынушыларына жоғары сапалы қытай тауарларын сатып алудың жаңа мүмкіндігін ұсынады. Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd компаниясы құрған «Жібек жолының электронды коммерциясы» – soho cloud платформасы бүгінде 550-ден астам компанияны біріктіріп отыр және 2026 жылға қарай олардың санын 1 000-нан асыруды көздейді.
«Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасының үйлестіруші рөлінің арқасында 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қытайдың ірі экономикалық провинцияларының бірі – Цзянсу мен Орталық Азияның бес елі арасындағы тауар айналымы 31,36 млрд юаньды (шамамен 4,50 млрд АҚШ доллары) құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға артты. Осы кезеңде Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясының Орталық Азия елдерімен сыртқы сауда көлемі жылдық есеппен 12,1 пайызға өсті.
ҚХР Сауда министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 106,3 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық өсім 12 пайызды құрады. Осылайша, Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда көлемі тарихта алғаш рет 100 млрд АҚШ долларынан асып, бес жыл қатарынан оң динамика көрсетіп отыр. Сонымен бірге Қытай алғаш рет Орталық Азия елдерінің ең ірі сауда серіктесіне айналды.
Министрлікте бұл жетістіктерге «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасының іске қосылуы, трансшекаралық электронды коммерция саудасының қарқынды өсуі, қойма-логистикалық инфрақұрылымның дамуы және трансшекаралық төлемдер саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі сияқты факторлар ықпал еткенін атап өтті. Бұл жаңа бизнес-модельдердің сауда-экономикалық ынтымақтастық аясында дамуына жол ашады.
Платформа өкілдері алдағы уақытта Цзянсу провинциясының импорт-экспорт тауарлары көрмесін (Орталық Азия) тұрақты түрде өткізуге, Астанада орналасқан Орталық Азиядағы Цзянсу орталығының құрылысын жеделдетуге, өндірістік тізбектер саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және Қытай мен Орталық Азия арасындағы гуманитарлық алмасуды дамытуға дайын екендерін мәлімдеді. Бұл платформа әлеуеті мен деңгейін жүйелі түрде арттыруға бағытталған.
Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясы ұсынған

