Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Астанада елорда мен оған іргелес өңірде экопарктерді ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңеске қатысты, деп хабарлайды infotabigat.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалар қатысты.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мегаполистердің және облыс орталықтарының қала маңындағы аймақтарында эко-парктер құру қажеттілігіне қатысты тапсырмасын орындау мақсатында министрлік экологиялық парктер (эко-парктер) құрудың, дамытудың және пайдаланудың ұсынылатын стандарттарын жұмыста қолдану үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне әзірлеп, жолдады, – деді Ерлан Нысанбаев.
Эко-саябақтарды дамыту табиғи ландшафттарды сақтау және ең аз араласу қағидатына негізделуі тиіс. Инфрақұрылым тек қажетті көлемде, экологиялық талаптарға сай салынып, кейін тұрақты басқару мен мониторинг жүргізіледі.

Қазір министрлік елорда маңында экопарктер құру үшін 5 жер учаскесін ұсынып отыр:
1) Үркер кентінен айналма жол бойындағы Қарқаралы тас жолына дейінгі веложол – шамамен ауданы 200 га (қала шегі);
2) Қызылсуат ауылы ауданында – 124 га (радиусы 10 км дейін);
3) Сарыоба көлі ауданында – 259 га (30 км дейінгі радиуста);
4) Астана – Қорғалжын автомобиль жолының бойында – 303 га (20 км дейінгі радиуста);
5) Астана – Қорғалжын автомобиль жолының бойында-197 га (30 км дейінгі радиуста).

Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген бас жоспарында елорда аумағының жартысынан астамын көгалдандыру көзделген: бұл қаланың жалпы аумағы 79,7 мың гектардың 42 мың гектарын құрайды. Соңғы жылдары елордада жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіліп, парк кластерлері қалыптасып жатыр.

