• kz
  • ru
  • en
  • «Қар десанты»: Астанада мыңдаған оқушы эстафетаға қатысып, қаланы қардан тазартты

    Астанада «Қар десанты» атты мектеп оқушыларының жаппай жалпықалалық волонтерлік эстафетасы үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Іс-шара «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» негізгі жобаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оқушылар білім беру ұйымдары мен әлеуметтік нысандардың аумағын қардан тазалады, деп хабарлайды infotabigat.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Аталған эстафета мектеп көшбасшылары мен белсенді оқушылардың қоғамдық іске қатысуының дәстүрлі түріне айналды. Іс-шара барысында жастар жауапкершілік, өзара көмек және ортақ кеңістікке ұқыпты қарау мәдениетін нақты іспен көрсетті. «Қар десанты» тәрбиелік мәні жоғары, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

    Біздің оқушылар мұндай қоғамдық маңызы бар шараларға қатысқанды ұнатады. Бүгін 9, 10 және 11-сынып оқушылары мектеп ауласымен қатар, ғимаратымыздың жанында орналасқан «Алтын дән» балабақшасының аумағын да қардан тазалады. Жасөспірімдердің еңбегін көрген бүлдіршіндер үлкендерден үлгі алады. Балалардың өзгеге қол ұшын созуды, ортақ қалалық кеңістікті таза ұстауды үйренуі өте маңызды, – дейді №37 Сырбай Мәуленов атындағы мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеу.

    Биылғы волонтерлік эстафетаға Астана қаласындағы барлық 118 жалпы білім беретін мектептен 6903 оқушы қатысты. Барлық қатысушы бір күнде және бір уақытта волонтерлік жұмыстарға шығып, іс-шараның жалпықалалық деңгейдегі бастама екенін айқындады. Атап айтқанда, №19 мектеп оқушылары Герцен көшесіндегі қарттар үйінде, №32 мектеп «Бал дәурен» балабақшасында, №56 мектеп «Қайынды» тұрғын үй кешенінде, №81 мектеп №98 балабақшасында, №92 мектеп «Аяулым» балабақшасында қар тазалап, еңбек етті.

    Сондай-ақ №106 мектеп «Аспан» емханасында, №74 мектеп «Шұғыла» балабақшасында, №113 мектеп «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, №78 мектеп «София» балабақшасында, №37 мектеп «Алтын дән» балабақшасында қар тазалау жұмыстарын атқарды.

    Волонтерлік жұмыстар барысында оқушылар өз мектептерінің аумағын қардан тазалады. Сонымен қатар, бірқатар білім беру ұйымдары қар тазалау аумағын едәуір кеңейтіп, қаланың әлеуметтік нысандарында да тазалық жұмыстарын жүргізді.

    Spread the love