Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысының елді мекендерді көгалдандыру жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды infotabigat.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында облыста жоспарға сәйкес 500 мың көшет отырғызылған. Былтырғы жылы қоғам өкілдерінің қатысуымен жасыл желектерді түгендеу жұмыстары басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ағаштардың жерсіну деңгейі шамамен 60–70 пайыз.
Осыған байланысты көшеттердің жерсінуін арттыру бағытындағы шараларды күшейтіп, су үнемдейтін тамшылатып суару жүйесін енгізу және климаттық жағдайларға төзімді ағаш түрлерін пайдалану қажет, – деді басқарма басшысы.
Биыл қала аумағында 15 гектар, ал әрбір аудан орталығында 10 гектардан жасыл аймақтар құру жоспарланып отыр. Көшеттердің жақсы жерсінуі үшін отырғызу алаңдары міндетті түрде қоршалып, суару жұмыстары ұйымдастырылады.
Қала және аудан әкімдіктеріне көшеттерді цифрлық мониторинг арқылы бақылап, деректерді тұрақты түрде жаңартып отыру ұсынылды.

Қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тарапынан арнайы қоршалған аумақтарда шағын орман тәлімбақтарын ұйымдастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, бір ауылдық округ әкімдігі қалемшелеу әдісі арқылы 1 000 түп ағаш көшетін өсірген жағдайда, облыс бойынша шамамен 135 мың түп тал алу мүмкіндігі туындайды. Сондай-ақ келі қаппен қарағаш тұқымын жинап, еккен жағдайда шамамен 45–50 мың түп екпе материал алуға болады, – деп Исатай Еспағанбетов жасыл аймақтарды толықтырудың бір жолы ретінде ұсынысын жеткізді.

