«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы №115 Келешек мектепте «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» атты экологиялық-білім беру жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды infotabigat.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған жоба 2025-2026 оқу жылына арналған және оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын дамытуға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – оқу кеңістігінде экологиялық таза, жасыл орта қалыптастыру арқылы балалардың жауапкершілігін, бақылау қабілеті мен эстетикалық талғамын арттыру.

Өсімдіктерге күтім жасау арқылы балалар жауапкершілікке, қамқорлыққа және табиғатты сүюге үйренеді. Бұл – экологиялық сананы ерте жастан қалыптастырудың тиімді жолы, – дейді жоба жетекшісі Жанна Пак.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: өсімдіктерді отырғызу, оларды күтіп-баптау және бақылау, сондай-ақ толыққанды фито-сынып қалыптастыру.

Сонымен қатар, «Фантазия в горшке» шығармашылық бағыты аясында оқушылар мен ата-аналар бірлесіп, креативті идеяларды жүзеге асырады. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы QR-код жүйесі енгізіліп, сыныптағы өсімдіктердің өсу барысын фотоальбом форматында бақылауға мүмкіндік жасалады.

«Таза Қазақстан» акциясы – тек тазалық шарасы ғана емес, ол экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» жобасы – осы бастаманың нақты көрінісі. Мұндай жобалар арқылы біз өскелең ұрпақты табиғатқа жанашыр, жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейміз, – дейді «AMANAT» партиясы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Жакупова.

