Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің су шаруашылығын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды infotabigat.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр 700 шақырым су арнасы қайта жаңғыртылса, биыл тағы 986 шақырымда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 4 су қоймасы жаңартылды, осы жылы тағы да төрт нысанды жаңарту жұмыстары және 3 жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарына негіз болатын сегіз бассейндік жоспарды әзірлеу аяқталады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін еліміздің су-энергетика ресурстарының картасы әзірленеді.
Суды үнемдеу мәселесі басым бағыт болып қала береді. Бүгінде суармалы жерлердің үштен бірінен астам бөлігі су үнемдеу технологияларымен қамтылған. Нәтижесінде өткен жылы 847 млн текше метр суды үнемдеу мүмкін болды. Алдағы уақытта жыл сайын қосымша 150 мың гектарға жуық алқапты қамту жоспарланып отыр. Бұл ретте Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің алдында көрсеткіштердің әдейі бұрмалануына жол бермеу міндеті тұр.

