«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқу орнының ұйымдастыруымен «Топырақтың алты дюймі» атты экологиялық деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Көрсетілімге Ұлыбританияның Астанадағы елшілігінің климат және көгалдандыру бөлімінің басшысы Кирри Хендриксен қатысты, деп хабарлайды infotabigat.kz Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру, жер ресурстарын ұқыпты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын насихаттау.

Шараға 200-ге жуық студент пен оқытушы қатысты. Фильмде топырақты қалпына келтіру, адам денсаулығын жақсарту және жергілікті қауымдастықтарды қолдау жолындағы тәжірибелер көрсетілді. Көрсетілімнен кейін сарапшылар мен қатысушылар арасында панелдік пікір алмасу ұйымдастырылып, экологиялық тақырыптағы өзекті мәселелер талқыланды. Студенттер мұндай іс-шаралардың экологиялық сана қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын насихаттауға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Бұл іс-шара студент жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Осындай тағылымды кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, тұрақты даму құндылықтарын насихаттауға үлкен үлес қосады, – деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Дастан Хусаинов.

Іс-шараға қатысқан 4-курс студенті Көптілеуова Ақбота да өз пікірімен бөлісті.
Бұл іс-шара мен үшін өте әсерлі әрі танымдық болды. Табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын тереңірек түсіндім. Мұндай кездесулер жастардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді, – деді ол.

