Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алқа отырысында вице-министр Олжас Сапарбеков 2026 жылға салаларды дамыту бойынша негізгі бағыттарды таныстырды. Өндірісті өсіру, жаңа қуаттарды іске қосу, шикізатты терең өңдеу және отандық өндірушілерді қолдауға басымдық берілді, деп хабарлайды infotabigat.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Металлургия: мыс өндірісін 502 мың тоннаға дейін ұлғайту
2026 жылы металлургия секторындағы өндіріс көлемі 3%-ға өседі деп жоспарланып отыр. Өсу драйвер түсті металлургия болмақ, ең алдымен мыс өндірісі: мыс шығару көлемін 502,1 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған (+6,6%).
Өсім мынадай: Shagala Mining (5 мың тонна), BMT Holding Limited (+6,6 мың тонна), Kyzyl Aray Copper (+15 мың тонна өндірістік қуатқа шығуы) жобалардың іске қосылуы есебінен қамтамасыз етіледі
Алюминий саласында өндіріс 2025 жылғы деңгейде сақталады – 263,6 мың тонна бастапқы алюминий.
Қара металлургияда ферроқорытпалар (+1,2%), болат (+1,4%), жалпақ прокат өнімі (+10%) және шойын (+1%) өндірісі өседі деп күтілуде.
2025 жылғы оң нәтижелерді ескере отырып, кен шикізатын барынша терең өңдеу жұмыстары жалғасады. Мыс, мырыш, қорғасын және алтын құрамды концентраттарға басымдық беріледі, – деді Олжас Сапарбеков.
Машина жасау: 190 мың жеңіл көлік
2026 жылы машина жасау саласы 113,4% өседі жоспарланып отыр.
Машина жасау бойынша 2026 жылғы жоспар – 113,4 пайыз. Өсу қолданыстағы кәсіпорындарды толық жүктеу және былтыр іске қосылған екі зауыттың: Қостанайдағы KIA және Алматыдағы Astana Motors Manufacturing өндірістік қуатына шығу арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, өсім Silk Road Electronics және Almaty Turmystyq Tehnika Zavody компаниялары шығаратын тұрмыстық техника есебінен де болады, – деді вице-министр.
2026 жылы Қазақстанда 204 337 көлік шығарылуы жоспарланып отыр, оның ішінде: 190 мың жеңіл көлік (+11,9%), 11,5 мың арнайы техника мен жүк көлігі (+26,8%), 2,8 мың автобус (-10,3%).
Сонымен қатар, 9 877 ауыл шаруашылығы техникасы, 94 локомотив және 4 658 вагон өндіру жоспарланып отыр. Тұрмыстық техника шығару көлемі – 664 мың бірлік.
Химия өнеркәсібі: 7% өсім
Химиялық өнеркәсіптің өсуі 2026 жылы 7% деңгейінде болжанып отыр.
Саланы дамытудың негізгі драйвері – минералды тыңайтқыш пен күкірт қышқылын өндіруге арналған жаңа қуаттарды іске қосу («ЕвроХим-Каратау», 800 мың тонна), натрий цианидін өндіру (Talas Investment Company, +15 мың тонна), сутегі пероксиді (Kazakhstan Hydrogen Peroxide, 30 мың тонна) және сұйық шыны (Hong Shun, 200 мың тонна).
Министрлік саланы дамытудың үш негізгі векторын анықтады: негізгі шикізатты терең өңдеуге арналған жобаларды іске қосу, өндірушілер мен тыңайтқыш жеткізушілердің автоматтандырылған тіркеу жүйесін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жүргізу, тіркелмеген пестицидтерді толлингтік өндіруге рұқсат беру.
Құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жоба
2026 жылы шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, олардың жалпы құны 1,7 трлн теңге болады, бұл шамамен 19,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
2026 жылға жоспарланған барлық жоба толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды. Оның 1,5 трлн теңгесі импортты алмастыруға, қалған бөлігі экспортқа бағытталады, – деді вице-министр.
Отандық өндірушілерді қолдау
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тиімді шараларының бірі – реттелетін сатып алулар. 2025 жылы офтейк-келісімшарттар бойынша өсім 4,7 есе қамтамасыз етіліп, бұл ақша мөлшері бойынша 1 трлн теңгеден асты. Ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша өсім 1,8 есе болып, 1,6 трлн теңгеден асты, – деп хабарлады Олжас Сапарбеков.
Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енген компаниялардың мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларына қатысуына басымдық беріліп, қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту
2026 жылы арнайы экономикалық аймақтарда 119 жоба іске асырылмақ, бұл өткен жыл көрсеткішінен 4,5 есе көп.
Индустриалды аймақтарда 99 жоба іске қосылуы күтіледі. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша жаңа модельді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осылайша, 2026 жылға арналған өнеркәсіп саясаты өндірісті өсіруге, жаңа қуаттарды іске қосуға, шикізатты терең өңдеуге, отандық бизнесті қолдау механизмдерін кеңейтуге және импортты алмастыру мен экспортқа бағытталған ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

