• kz
  • ru
  • en
  • Астанада жердің тозуына қарсы Бірлескен мәлімдеме қабылданбақ

    2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – халықаралық іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды infotabigat.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.

    Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегат қатысады деп жоспарланған.

    Онда климатқа бейімделген жер пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылады. Орталық Азия елдерінде жердің құнсыздануы ең өзекті экологиялық қауіптердің бірі болып қала береді.

    Осыған байланысты ҚРАуыл шаруашылығы министрлігі «Жасыл Даму» АҚ және «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институтымен» бірлесіп, жердің деградациясына қарсы күрес, топырақты қалпына келтіру және көміртекті ауыл шаруашылығын дамыту салаларында Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға арналған арнайы панельдік сессия өткізуді жоспарлап отыр. Ортақ тәжірибе алмасу жер ресурстарын басқаруда бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға, үздік тәжірибелерді таратуға және Қазақстанның климаттық тұрақтылық саласындағы өңірлік орталық ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді мамандар.

    Саммит аясында Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының жердің деградациясына қарсы іс-қимыл, топырақты қалпына келтіру және көміртекті ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша Бірлескен мәлімдемесін қабылдау көзделіп отыр.

    ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті Бірлескен мәлімдеме жобасын әзірледі, ол жақын уақытта Орталық Азия елдерінің қарауына жолданады. Құжат өңірлік үйлестіру мен бірлескен бастамаларды іске асырудың негізіне айналады деп күтіледі.

    Spread the love