• kz
  • ru
  • en
  • 200 білім ордасы, 4000 әке: елордада экологиялық жауапкершілікке үндеген акция өтті

    Астана мектептерінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «200 мектеп және балабақша – 4000 әке» қар күреу экочелленджі өтті, деп хабарлады infotabigat.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Іс-шара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған. «Бұл «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылып отыр.

    «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, мұндағы мақсат – еңбек адамдарының қызметін бағалау, олардың жұмысын балаларға түсіндіру әрі еңбекке баулу. Бұл баланың бойында жауапкершілік, адамгершілік, адалдық секілді қасиеттердің қалыптасуына септігін тигізеді. Экочелленджі ұйымдастыруға Астана қаласы Білім басқармасы қолдау көрсетті. Әкелер одағы атынан алғысымызды білдіреміз, – деді Республикалық Әкелер одағының Астана филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай.

    Бекдайыр Күзембайдың айтуынша, былтыр бұл игі іс-шараға қалада 100 мектептен 1000 әке баласымен қатысқан. Бұл игі іске қатысқан әкелердің бірі – Нұржан Машанов. Оның ұлы қазір қаладағы Т.Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейінің 7-сыныбында оқыр жүр.

    Астаналық әкелердің бір уақытта осындай игі іске атсалысуы бастаманың ауқымын ғана емес, әкелердің ынтымағы мен жауапкершілігін көрсетеді. Бірге еңбек ету – әке мен бала арасындағы сенімді арттырады. Себебі бала әкесінің іс-әрекеті арқылы еңбексүйгіштікті үйренеді. Таза ауада қимыл-қозғалыс жасау иммунитетті нығайтып, физикалық белсенділікті арттырады, – деді Нұржан Машанов.

    Экочеллендждің басты мақсаты – білім беру ұйымдары мен ата-аналар қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтып, тәрбие ісіндегі әкенің рөлін арттыру.

    Spread the love