• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстанда электр энергиясын өндіру құрылымындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі өсті

    2024 жылға арналған Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы Ұлттық баяндамасына сәйкес, ірі су электр станцияларын есептемегенде, елімізде өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6,2%-ды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,3% жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды infotabigat.kz Орталық Азия климаттық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Жаңартылатын энергия көздерін (жел, күн және басқа да экологиялық таза энергия) дамыту – парниктік газдар шығарындыларын азайту және климаттың өзгеруімен күресу мақсатында көмір мен газды алмастыруға бағытталған жаһандық үрдіс. Бұл үрдіс технологиялар құнының төмендеуімен және әлем елдерінің декарбонизацияға ұмтылысымен байланысты қайтымсыз жаһандық тенденция болып саналады. 2024 жылы әлемде жаңартылатын энергияға салынған инвестициялар алғаш рет қазба отындарына құйылған қаражат көлемінен асып түсті. Ал 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері электр энергиясына деген әлемдік сұраныстың жартысына жуығын қамтамасыз етеді деп болжанып отыр.

    Қазақстан бұл бағытты белсенді дамытып келеді. Ел 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға, ал 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді жоспарлап отыр. Жел және күн электр станцияларының жиынтық қуаты 8,4 ГВт-тен асуы тиіс. Қазақстанның жел энергетикалық әлеуеті өте жоғары – жылына 920 млрд кВт•сағ көлемінде бағаланады.

    Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сәйкес, 2024 жылы елде 148 жаңартылатын энергия нысаны (100 кВт-тен жоғары) жұмыс істеді. Олардың жалпы орнатылған қуаты 2 903,7 МВт құрады, оның ішінде:

    – 59 жел электр станциясы – 1 409, 55 МВт;

    – 40 шағын су электр станциясы – 269,785 МВТ;

    – 46 күн электр станциясы – 1 222,61 МВТ;

    – 3 биоэлектр станциясы – 1,77 МВт.

    2024 жылы аталған нысандар өндірген электр энергиясының көлемі: жел станциялары – 3 224,7 млн кВт*сағ, шағын ГЭС – 944,4 млн кВт*сағ, күн станциялары– 1 612,62 млн кВт*сағ, биоэнергетикалық нысандар– 0,56 млн кВт*сағ.

    Жаңартылатын энергия көздеріне көшу экологиялық қауіпсіздікті арттырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және электр энергиясының өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.

    Еске сала кетсек, 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында Орталық Азия елдерінің экологиялық және климаттық проблемалары мен оларды шешу жолдары талқыланатын Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Саммит аясында жаңартылатын энергия көздерін енгізу және пайдалану мәселелеріне арналған екі арнайы сессия өткізу жоспарланған.

    Spread the love