• kz
  • ru
  • en
  • Зерендідегі балықтардың қырылуы: зауытқа 21,3 млн теңге айыппұл салынды

    5 ақпанда Зеренді ауданы аумағындағы Айдабулка өзені бойында балықтардың қырылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Осыдан кейін Ақмола облысының экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды infotabigat.kz Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Тексеру барысында «Айдабулка спирт зауыты» АҚ аумағынан өзенге апаратын құбыр табылған. Бұл құбыр өндірістік ағынды суларды, нақтырақ айтқанда жылу алмастырғыштардан шыққан суды ағызуға пайдаланылған. Компания өкілдері судың ағызылуы клапанның толық жабылмауы салдарынан болғанын түсіндірді.

    Ағызу нүктесінен алынған су сынамалары зертханалық тексеруден өтті. Нәтижесінде су құрамындағы зиянды заттар рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кеткені анықталды. Бұл өзен суының ластанғанын растады. Сонымен қатар, зауыттың қайта өңделген суы ағызылатын тоған маңынан да сынамалар алынды. Онда органикалық азот қосылыстарының мөлшері нормадан жоғары болған. Мамандар бұл ластану кәсіпорынның шаруашылық қызметімен байланысты екенін айтады, – делінген хабарламада.

    Тексеру қорытындысы бойынша зауытқа 21,3 миллион теңге айыппұл салынды.

    Бұдан бөлек, экология департаменті заңбұзушылықтарды жою туралы арнайы бұйрық шығарды. Оған:

    • техникалық іс-қимыл жоспарын әзірлеу және енгізу;
    • қоршаған ортаны ластаудың алдын алу шараларын қабылдау;
    • өзеннің қайта ластану қаупін болдырмау үшін құбырды бөлшектеу міндеттері енгізілген.

    Ведомство бұл талаптардың орындалуын және экологиялық заңнаманың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

    Spread the love