«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ерекше оқиға тіркелді, деп хабарлайды infotabigat.kz парктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парк қызметкері, мемлекеттік инспектор Ерлан Молдахметов кезекті аумақты бақылау кезінде қар барысын (ілбіс) видеоға түсіріп үлгерді.
Бұл – сирек кездесетін әрі аса құнды кадрлардың бірі. Қар барысы – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жыртқыш аң, оның табиғи ортада еркін жүріп-тұруы экожүйенің тұрақтылығы мен қорғалуының маңызды көрсеткіші саналады.
Аталған дерек ұлттық парк аумағында жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау жұмыстарының нәтижелілігін айғақтайды.

