• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстанда экология және климат мәселелері бойынша бірқатар халықаралық кездесу өтті

    Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев Жапонияның жаһандық экология мәселелері жөніндегі министрінің орынбасары Дои Кэнтаромен кездесті, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және төмен көміртекті даму бағытындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазақстан жапон тарапына Өңірлік экологиялық саммитке қатысқаны үшін алғыс білдіріп, озық экологиялық технологиялар саласындағы серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ Бірлескен кредиттеу тетігі (JCM) аясындағы өзара іс-қимылдың маңызы атап өтілді.

    Сонымен қатар, вице-министр БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі кеңсесінің (UNOSD) басшысы Чун Кю Пакпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан тарапы ұйымның парниктік газдар шығарындыларын түгендеу жүйесін дамыту мен климаттық ашықтықты арттырудағы қолдауына ризашылық білдірді. Тараптар Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған халықаралық оқыту бағдарламасына қатысу мүмкіндігін талқылады. Бұдан бөлек, қыркүйекте өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитіне дайындық мәселелері қарастырылды.

    Сондай-ақ NDC Partnership ұйымының өкілі Марианна Панунсио-Фельдманмен кездесу өтті. Онда климаттық саясатты үйлестіру, көміртек нарығын дамыту және нарықтық тетіктерді жетілдіру мәселелері қозғалды. Қазақстан тарапы ынтымақтастықты практикалық деңгейде жалғастырып, нақты жобалар мен қаржылық шешімдерге көшуге ниетті екенін білдірді.

    Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар экология және климат саласындағы өзара іс-қимылды нығайтып, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

    Spread the love