• kz
  • ru
  • en
  • Орталық Азия елдері климаттың өзгеруі салдарымен орман мелиорациясы арқылы күреспек

    Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында 2026–2035 жылдарға арналған қорғаныш орман жолақтары мен жасыл тосқауылдардың өңірлік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі сессия өткізеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    «Орталық Азияның жасыл қалқаны: қорғаныш орман жолақтары мен жасыл тосқауылдардың өңірлік жүйесі (2026–2035)» тақырыбындағы сессия 23 сәуірде өтеді. Іс-шараға Орталық Азия елдері мен Қытайдың өкілдері, сондай-ақ ФАО, БҰҰДБ, GIZ, AFoCO, БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы (КБО) және басқа да халықаралық серіктестер қатысады.

    Талқылау барысында орман мелиорациясы арқылы климаттың өзгеруі, жердің деградациясы және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты сын-қатерлерге Орталық Азия елдерінің бірлескен жауап шаралары қарастырылады.

    Сессияның бірінші бөлігінде орманды қалпына келтіру жөніндегі ұлттық стратегиялар мен елдердің осы бастамаға қосқан үлесі талқыланса, екінші бөлігінде іске асыру тәжірибесі мен қаржыландыруды жұмылдыру мәселелері қарастырылады.

    Іс-шара орманды қалпына келтіру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық қаржылық әрі сараптамалық қолдауды тартуға арналған маңызды практикалық алаң болмақ.

    Сессия қорытындысы бойынша «Орталық Азияның жасыл қалқаны» резолюциясына қол қою жоспарлануда.

    Spread the love