Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте осылай деді. Бұл туралы infotabigat.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз, – деді Тоқаев.
Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айтқанда:
✔️ су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару;
✔️ шөлейттену;
✔️ мұздықтардың еруі;
✔️ ауаның ластануы;
✔️ биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.
Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән береді.
Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан:
✔️ экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;
✔️ биоалуантүрлілікті қорғау;
✔️ тозған жерлерді қалпына келтіру;
✔️ су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;
✔️ су үнемдеу саясатын енгізу;
✔️ қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алды.
Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз. Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз, – деді Тоқаев.

