28 сәуір күні Астанада Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы «Таза экологиялық орта – ұлт денсаулығы» атты конференция өткізді. Іс-шара жаңа Конституцияның азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға құқығын қамтамасыз етудегі рөліне және тиімді экологиялық саясатты қалыптастыруға арналды, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Аталған іс-шара мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасында ашық диалог алаңына айналып, экологиялық факторлардың халық денсаулығына тікелей әсері және бүгінгі күні қажетті жүйелі шешімдер талқыланды.
Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрайымы Айгүл Соловьева бүгінгі конференция – тек экология және оның ұлт денсаулығына әсері туралы пікірталас қана емес екенін айтты.

Бұл – жаңартылған Конституциямен кепілдендірілген әрбір қазақстандықтың қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын талқылау. Біздің міндетіміз негізгі заңның жаңа нормаларына сәйкес мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам жауапкершілігінің теңгерімін табу және оларды біріктіру. Бірыңғай, әмбебап әрі жан-жақты әріптестік пен өзара іс-қимыл табиғатты қорғауға, ұлт денсаулығын нығайтуға және елдің инновациялық экономикалық дамуына алып келеді, – деді Соловьева.
Шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Арман Қалыков; ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК төрағасының орынбасары Салтанат Назарова; ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Қадырхан Бейсенбаев; сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақанов құттықтау сөз сөйледі.
«Қолайлы қоршаған ортаға құқық жөніндегі конституциялық кепілдіктерді іске асыру және оның адам денсаулығына әсері» атты панельдік сессия барысында спикерлер келесі мәселелерді талқылады: Қазақстан Республикасындағы Конституцияның рөлі және оның салауатты қоршаған ортаға құқықты қамтамасыз ету кепілдіктері, экологиялық факторлардың денсаулыққа қауіптері, сондай-ақ медициналық қалдықтардың ауқымы, проблемалары және оларды шешу жолдары.

Қорытынды сессия «Жасыл экономиканы дамыту және экология мен денсаулық сақтау саласындағы бизнестің жауапкершілігі» тақырыбына арналды. Аталған сессияларда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазгидромет», қоғамдық және бизнес сектор өкілдері, сондай-ақ экология саласының сарапшылары баяндама жасады. Сонымен қатар, қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу жүйесін ұйымдастыру, ESG саясаты, экологиялық жауапкершілік және басқа да өзекті мәселелер қозғалды.
Конференция қорытындысы бойынша экологиялық жауапкершілікті арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған басым бағыттар айқындалып, практикалық ұсынымдар әзірленді.

