Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына орнатылған фототұзақ ерекше әрі құнды сәттерді таспаға түсірді, деп хабарлайды infotabigat.kz парктің ресми парақшасына сілтеме жасап.
Кадрларда жамансары (ақсары) құсының табиғи тіршілігі — жабайы табиғаттың шынайы болмысы мен дала экожүйесінің ғажайып үйлесімі бейнеленген.
Ұя маңындағы бақылаулар құстардың жұптасып тіршілік ету ерекшелігін, балапан өсірудегі үйлесімді әрекетін және ата-аналық инстинктінің жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Ересек құстардың кезектесіп азық әкелуі, балапандарын қоректендіруі, ұясын қорғап әрі ретке келтіруі — жыртқыш құстар экологиясындағы маңызды мінез-құлықтық ерекшеліктердің бірі.
Мұндай фототұзақ материалдары сирек кездесетін құстардың биологиясын зерттеуде, олардың мекен ету ортасын бақылауда және популяциялық мониторинг жүргізуде ерекше ғылыми маңызға ие. Сонымен қатар бұл — адамның араласуынсыз таспаланған табиғаттың шынайы тынысы, – дейді мамандар.

