Бүгін, 17 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауы бойында жүзеге асырылатын заманауи жағалау құрылысы жобасымен танысты, деп хабарлайды infotabigat.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи қоғамдық кеңістік құруға бағытталған. Жалпы ұзындығы шамамен 4,5 шақырымды құрайтын жағалау құрылысы 5 кезең бойынша жүзеге асырылады.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ, инвесторы – NCOC N.V., мердігер мекеме – «Нурсат» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы сәуірде басталып, жобаны 2029 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланған.
Жоба аясында серуендеу аймақтары, велосипед және жүгіру жолақтары, шолу алаңдары, субұрқақтар, скейт-парк, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары, фудкорттар мен сервистік павильондар салынады. Сонымен қатар пирстер, абаттандырылған жағажай аймақтары және балалар бассейндері қарастырылған.
Сондай-ақ құрылыс барысында күн энергиясын пайдаланатын сыртқы жарықтандыру жүйелері, сәулеттік жарықтандыру, сумен жабдықтау және су бұру желілері, көгалдандыру және Каспий теңізі жағалауының экожүйесін сақтауға бағытталған заманауи инженерлік шешімдер енгізіледі.

Жоба таныстырылымы барысында облыс әкімі жағалаудың сәулеттік келбеті өңірдің тарихи-мәдени ерекшелігін айшықтауы қажет екенін атап өтті.
– Өңір тұрғындары мен Маңғыстауға келген қонақтар бұл жерден аймақтың ерекше рухын сезінуі керек. Сондықтан жобада ұлттық нақыш, өңірге тән ою-өрнектер мен жергілікті ерекшелік көрініс табуы маңызды. Осы бағытта ақсақалдармен және қоғам өкілдерімен ақылдасқан жөн. Сонымен қатар пирс маңында халыққа қызмет көрсететін яхташыларға да қолайлы жағдай жасалуы қажет. Бірінші кезеңнің құрылысын жеделдетіп, ең бастысы, жұмыстың сапасына ерекше мән беру керек, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба іске асқан жағдайда Ақтауда халықаралық талаптарға сай заманауи жағалау қалыптасып, өңірдің туристік тартымдылығы артады.

