• kz
  • ru
  • en
  • «JASYL EL»: 5200-ден аса оқушы мен студент жұмыспен қамтылады

    Мемлекет басшысының бастамасымен 2005 жылдан бастап Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, еңбекқор әрі патриот ұрпақты тәрбиелеуге, сондай-ақ жастарды әлеуметтік маңызы бар қызметке тартуға бағытталған «JASYL EL» жастар бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды infotabigat.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Бағдарламаның 2026 жылғы жүзеге асырылу барысы туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев пен «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының төрағасы Марат Мұхамеджаұлы айтып берді.

    Биыл елордада «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының XXII маусымы ресми түрде бастау алады. Бүгінде бұл жоба белсенді, бастамашыл және белсенді жас азаматтардың басын қосқан елдегі ең ірі жастар қозғалыстарының бірі болып саналады. 2026 жылы бағдарлама аясында 14-35 жас аралығындағы 5 200-ден астам мектеп оқушысы мен студентті жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Еңбек маусымы мамыр мен тамыз аралығында өтеді.

    «JASYL EL» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жастардың әлеуметтік осал санаттарын қолдау. Оған қатысуға алдымен жетім балалар, көпбалалы, толық емес және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен Халықтың әлеуметтік осал топтары санатының өкілдері тартылады. Қатысушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайлары жасалады: олар арнайы киім-кешекпен, қажетті құрал-сайманмен қамтамасыз етіледі және тиісті нұсқамадан өтеді.

    Еңбек жасақтарының кәмелетке толмаған сарбаздары қатаң түрде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес – күніне 4 сағаттан және аптасына 5 күннен аспайтын уақыт жұмыс істейді.

    «JASYL EL» жобасына қатысушылар елорданы абаттандыру және көгалдандыру жұмысына, соның ішінде жасыл желектерді күтіп-баптауға, ағаштарды суаруға белсенді түрде атсалысады. Ең ауқымды іс-шаралардың қатарында «Мөлдір бұлақ», «Сәтті Сәрсенбі», «Таза Бейсенбі», сондай-ақ «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамаларын дамыту аясындағы акциялар бар.

    Қазіргі уақытта қатысушылардың еңбекақысы ең төменгі жалақыға теңестіріліп, 85 мың теңгені құрайды. Міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды есепке алғанда, қолға тиетін сома 72 625 теңгені құрайды. Жыл сайын бағдарлама аясында мыңдаған жас жұмысқа орналасады. 

    Өткен жылы жазғы еңбек маусымында 5 200-ден астам жас қамтылса, биыл да дәл осындай көрсеткішті қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

    Мемлекет басшысының цифрландыруды және ЖИ-ді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында биыл жобаны ауқымды цифрлық трансформациялау жүргізілді. 

    Алғаш рет astana-jasylel.kz мамандандырылған цифрлық порталы әзірленіп, іске қосылды, соның арқасында жастарды жұмысқа орналастыруға өтінім беру процесі толықтай цифрландырылды.

    Хабарланғандай, 30 мамыр күні сағат 09:00-де astana-jasylel.kz сайтында қала саябақтарында маусым айында жұмыс істеу үшін өтінімдер қабылдау ашылады. Бұл кезеңде 100 жұмыс орнына квота бөлінген.

    «JASYL EL – 2026» ХХІІ еңбек маусымының салтанатты ашылуы 29 мамыр күні сағат 16:00-де елордалық Амфитеатрда өтеді.

    Spread the love