• kz
  • ru
  • en
  • Ақтөбенің Байғанин ауданында орман қалпына келтіріліп жатыр

    Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында түрлі ағаштар мен бұталардың көшеттері өсірілетін орман тәлімбағы жұмыс істейді. Тәлімбақ 2004 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды infotabigat.kz Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Мұнда 4 гектар аумақта көшеттердің 32 түрі өсіріледі. Негізгі назар қылқан жапырақты ағаштарға – қарағай, шырша және балқарағайға аударылған.

    Байғанин орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Бақтыбай Мырзағариннің айтуынша, өткен жылы тәлімбақта отырғызылған қарағай көшеттері жақсы жерсінген. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысынан шырша мен майқарағай көшеттері әкелінген.

    Жыл сайын отырғызу материалдарын дайындаймыз. Жоспар бойынша 1 миллион 100 мың жапырақты ағаш көшетін өсіруіміз қажет. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі, өйткені отырғызу материалдарына деген сұраныс жоғары болып отыр, – дейді Бақтыбай Мырзағарин.

    Бүгінде тәлімбақта өсіріліп жатқан ағаштар кейін аудан аумағына отырғызылады. Мамандар мұндай жұмыстың нәтижесі жылдар өткен соң айқын көрінетінін айтады. Орманшылар 2016 жылы көшет отырғызған учаскелердің бірі бүгінде толық қалыптасқан жасыл желекке айналған.

    Көгалдандыру жұмыстары тәлімбақ аумағымен ғана шектелмейді. 2025 жылы Байғанин ауданының орман алқаптарында 2,5 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылды. Ал биыл жалпы көлемі 325 гектар аумақты көгалдандыру жоспарланып отыр.

    Осы міндеттерді орындау үшін 200 гектар жер алдын ала дайындалды. Оның 100 гектарына жас ағаш көшеттері отырғызылып үлгерді. Өткен және биылғы жылдары көшет егілген учаскелерде мамандар жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарын жалғастырады.

    Күз мезгілінде орманшылар отырғызылған көшеттерге түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Оның нәтижесінде көшеттердің жерсіну деңгейі анықталып, атқарылған жұмыстардың тиімділігі бағаланады.

    Spread the love