Павлодар облыстық «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының штабы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Балалар мен жасөспірімдердің экология және туризм орталығының аумағында «Жасыл әлемге саяхат» атты экологиялық-танымдық іс-шара өткізді, деп хабарлайды infotabigat.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Павлодар қаласының колледж студенттері, орталық педагогтері және «Жасыл Ел» еріктілері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарым-қатынас қалыптастыру және өскелең ұрпақ арасында экологиялық білімді насихаттау.
Бағдарлама аясында қатысушылар үшін орталық аумағына экскурсия ұйымдастырылып, олар сирек кездесетін және сәндік-бақша өсімдіктерімен танысты. Сондай-ақ өсімдіктерді күтіп-баптау ерекшеліктері мен олардың экожүйені сақтаудағы рөлі туралы ақпарат алды. Орталық мамандары табиғатты қорғаудың және өсімдіктер әлеміне ұқыпты қараудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның практикалық бөлігінде қатысушылар жапырақтары арқылы өсімдік түрлерін анықтап, экологиялық викториналарға, танымдық тапсырмаларға және командалық интерактивтерге қатысты. Аталған белсенділіктердің арқасында жастар экология саласындағы білімдерін кеңейтіп, командалық жұмыс жасау және экологиялық ойлау дағдыларын дамытты.
Осындай іс-шараларды өткізу жастар арасында экологиялық жауапкершілікті дамытуға, студенттерді табиғатты қорғау және еріктілік қызметке тартуға, сондай-ақ қоршаған ортаны сақтау мәселелерінде белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.

