Астанада ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екі пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесі (KazGBC) технологиялық серіктестерімен бірлесіп хабарлады, деп жазады infotabigat.kz.
Жобалардың таныстырылымы 9 маусым күні елордада өтті. Іс-шараға құрылыс компанияларының, девелоперлік ұйымдардың, басқарушы компаниялар мен жылжымайтын мүлік иелерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар жобалардың шарттарымен танысып, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

KazGBC директоры Александр Белыйдың айтуынша, бастама «жасыл» технологияларды теориядан практикаға көшіруге мүмкіндік береді.
Біз күн панельдері мен электр көліктеріне арналған зарядтау инфрақұрылымы секілді шешімдерді нақты нысандарда іске асырып, олардың тиімділігін көрсетуді көздейміз. Бұл технологияларды кейін отандық OMIR экологиялық бағалау жүйесі аясында растауға болады, – деді ол.

Жобалардың бірі – «Шатырдағы күн, үйге арналған энергия» бастамасы. Оны «Smart Energy System» компаниясы жүзеге асырады. Жоба аясында ғимараттардың шатырларына шағын күн электр станциялары орнатылады. Бұл ортақ үй қажеттіліктеріне жұмсалатын электр энергиясы шығындарын азайтып, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Smart Energy System» компаниясының директоры Айбат Машенов пилоттық жобалардың тәжірибелік маңызына тоқталды.
Бір сәтті жоба ондаған талқылаудан әлдеқайда тиімді. Ол технологияның нақты жұмыс істейтінін көрсетіп, нарықтағы сенімді арттырады, – деді ол.
Екінші жоба – «OMIR E-Mobility». Оны «Adele Energy Qazaqstan» компаниясы іске асырады. Бастама электр көліктеріне арналған заманауи зарядтау инфрақұрылымын құруды көздейді. Жоба толықтай демеуші қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Жоба жетекшісі Руслан Дюсеновтің айтуынша, электромобильдерге арналған инфрақұрылым тұрақты қалалық ортаның маңызды элементіне айналып келеді.
Бұл жоба қауіпсіз қосылудан бастап қызмет көрсету, есепке алу және төлем жүйелеріне дейінгі кешенді шешімдерді көрсетуге мүмкіндік береді. Электромобильдер саны артқан сайын сапалы зарядтау станцияларына сұраныс та өседі, – деді ол.
Байқауға Астана қаласындағы құрылыс компаниялары, девелоперлер, басқарушы ұйымдар, мүлік иелерінің бірлестіктері және жылжымайтын мүлік иелері қатыса алады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңімпаздар аудит жүргізуден бастап жобалау, монтаждау, іске қосу және техникалық қызмет көрсету кезеңдеріне дейін толық сүйемелдеуге ие болады.
Айта кетейік, KazGBC – Қазақстанда тұрақты және «жасыл» құрылыс қағидаттарын дамытуға бағытталған ұйым. Кеңес ғимараттарды экологиялық бағалаудың ұлттық OMIR жүйесінің операторы саналады.

