13 маусымда сағат 16:00-те Астана қаласындағы «Jetisu» саябағында Каньон алдындағы амфитеатрда Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы StopMusor әлеуметтік жобасы аясында үшінші экологиялық Jasyl Fest фестивалін өткізеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Фестиваль республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Іс-шараның серіктестері: «Jetisu» саябағы, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі, «Seleu Consulting», Ұлттық энергия үнемдеу орталығы және Назарбаев Университеті.
Фестивальдің мақсаты – Астана тұрғындары мен қала қонақтарының экологиялық мәселелерге назарын аудару, олардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және күнделікті өмірге қарапайым экологиялық әдеттерді енгізудің тиімді жолдарын көрсету.
Іс-шара қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық әдеттерді насихаттауға және тұрғындарды таза әрі жайлы болашақ идеясы төңірегінде біріктіруге бағытталған қаланың ең ірі экологиялық оқиғаларының бірі болмақ.
Фестивальдің басты ерекшелігі отбасылық форматта өтуі. Ұйымдастырушылар барлық жастағы келушілер үшін қызықты әрі мазмұнды бағдарлама әзірледі. Қонақтарды интерактивті алаңдар, шығармашылық және танымдық шеберлік сабақтары, экологиялық ойындар мен байқаулар, түрлі танымдық белсенділіктер, ойын-сауық бағдарламалары, эко-сән көрсетілімі, фильм көрсетілімі, эко-жәрмеңке және суретшілердің жұмыстары қойылған көрме күтеді.
Балалар үшін арнайы ойын аймақтары, қызықты эко-квесттер, шығармашылық шеберханалар мен байқаулар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар арқылы олар табиғатты қорғау қағидаларымен ойын түрінде таныса алады. Ал ересектер тақырыптық дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысып, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу, саналы тұтыну және заманауи экологиялық тәжірибелер туралы пайдалы ақпарат алады.
Фестиваль аясында республикалық «Eco Art Qazaqstan» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтеді. Байқау экологиялық өнерді дамытуға және шығармашылық арқылы саналы тұтыну мәдениетін насихаттауға бағытталған.

