• kz
  • ru
  • en
  • Шымкентте жаңа Жапон саябағы ашылды

    Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қалалық ортаны дамыту, өндірістік әлеуетті арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобамен танысты, деп хабарлайды infotabigat.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев Қала күні мерекесіне орай ашылған жаңа Жапон саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мегаполис тұрғындары мен қонақтары жиналды.

    Аумағы 2,3 гектарды құрайтын жаңа қоғамдық кеңістік бұрынғы «Кең баба» саябағының орнында бой көтерген. Өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылған аумақ заңсыз нысандардан тазартылып, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жоба қаланың тарихи маңызы бар аумақтары бірінің бастапқы қызметін қалпына келтіріп, тұрғындар үшін жаңа демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

    Жапон саябағы адам мен табиғат арасындағы үйлесім философиясына негізделген. Мұнда сакура аллеялары, тас бақтары, су үстіндегі демалыс орындары, жапон ауылдары, көркем серуен жолдары, медитация аймақтары, сәндік тұқы балықтары бар тоғандар мен арнайы фотоаумақтар орналасқан.

    Премьер-министрдің бірінші орынбасары Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ Қала күніне орай тағы бір заманауи Экопарк пайдалануға берілетінін жеткізді.

    Spread the love