«Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы» РММ 1992 жылғы 3 шілдеде Батыс Алтайдың табиғи үдерістерін, табиғи кешендерін, биологиялық әртүрлілігін және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің генетикалық қорын табиғи күйінде сақтау мен зерттеу мақсатында құрылды, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорық Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде, Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан. Бастапқыда қорықтың аумағы 56 078 гектарды құраса, 2008 жылы оның аумағы кеңейтіліп, бүгінде 86 122 гектарға жетті.

Қорық аумағы Батыс Алтайдың негізгі жоталары – Иванов, Үлбі, Көксу, Холзун жоталарының беткейлері мен сілемдерін қамтиды. Оларға Тұрғысын және Линей жоталары жалғасады. Бұл өңір Батыс Алтайдың орта және биік таулы табиғи кешендерінің эталоны болып табылады.
Линей жотасында «Линей бағандары» атты геоархитектуралық кешен орналасқан. Бұл бірегей гранитті жартастар уақыт пен атмосфералық құбылыстардың әсерінен қалыптасқан, өткен дәуірлердің ерекше геологиялық ескерткіштері болып саналады.
Линей және Холзун жоталарының арасында Батыс Алтайдағы ең ірі биік таулы батпақ – «Гүлбище» орналасқан. Ол қорық аумағындағы бірегей табиғи кешендердің бірі.

Қорық аумағында тармақталған биік таулы гидрологиялық өзен жүйесі қалыптасқан. Ең ірі өзендері – Ақ Үбі (Белая Уба) және Қара Үбі (Черная Уба).
Өсімдіктер дүниесі. Қорық флорасында жоғары сатыдағы тамырлы өсімдіктердің 889 түрі бар. Оның 27 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Өсімдіктер дүниесі жабайы жануарлар үшін тіршілік ету ортасы ғана емес, сондай-ақ қоректену, көбею және төлдерін өсіру орны болып табылады. Сонымен қатар өсімдіктер дүниесі белгілі бір дәрежеде теріс әсерлерге де ұшырайды.
Жануарлар дүниесі. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жануарлардың 230 түрі мекендейді, оның ішінде:
- Құстардың 165 түрі бар, оның ішінде 120 түрі ұялайды. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек және жойылып бара жатқан құстардың 6 түрі қорықта кездеседі: қара ләйлек, бүркіт, сұңқар, сұр тырна, жапалақ, ителгі. Сонымен қатар, бөдене тектес деркач (коростель) пен дубровник сұлыторғайы BirdLife International ұйымы (2005) жасаған жаһандық қауіп төнген құстар тізіміне енгізілген.
- Сүтқоректілердің 57 түрі мекендейді. Тұяқты жануарлардың үш түрі бар: бұлан, марал және елік. Қоңыр аю, сілеусін, бұлғын, ақкіс, сасықкүзен, аққалақ, тиін, аламан, алтай шақылдағы және ақ қоян кең таралған.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек сүтқоректілердің бірі – Иконников жарқанаты (ночница Иконникова) қорық аумағында тіршілік етеді.
- Герпетофауна құрамына қосмекенділердің 2 түрі және бауырымен жорғалаушылардың 4 түрі кіреді.
- Өзендер мен көлдердің ихтиофаунасы балықтардың 5 түрімен ұсынылған. Оның ішінде таймень Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

2020 жылы «Адам және биосфера» бағдарламасы жөніндегі Халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді.

