Риддер әкімдігі туризмді дамытуға қатысты ауқымды жоспарлар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық жобалар толық жүзеге асқан жағдайда жергілікті туристік нысандар Ресейдегі танымал курорттармен бәсекелесе алады.

Біз тау шаңғысы курортын салуды жоспарлап отырмыз. Алайда әзірге бұл жобаны қолға алатын кәсіпкер табылмай тұр. Жер телімі дайын, қажетті инфрақұрылымды тартуға мүмкіндік бар. Болашағы зор, табиғаты көркем, әрі ірі ресейлік курорттарға да жақын орналасқан. Алайда біздің туристік қызметтердің бағасы әлдеқайда қолжетімді болады. Бізде логистикалық артықшылық та бар. Бір жағынан кез келген әуе кемесін қабылдай алатын Ресей Алтайының әуежайы орналасқан. Екінші жағынан – Өскемен әуежайы бар. Бұған қоса, біздің жолдарымыздың табиғи көрінісі де Ресей бағыттарынан кем түспейді. Риддер – Өскемен, Өскемен – Алтай, Алтай – Катонқарағай бағыттарын қамтитын үлкен туристік шеңбер құруға мүмкіндік бар, – деді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.
Оның айтуынша, қазір ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Алдағы ең көп дегенде бес жыл ішінде барлық жобаны толық іске асыру жоспарланған.

Риддердегі құрылыс жобаларының жүзеге асуы туризмнің дамуында серпін бермек. Қала әкімдігінің мәліметінше, негізгі басымдық туристік инфрақұрылымды дамытуға берілген.
Биыл бес жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Ridder Resort Hotel қонақүйін қайта жаңғырту, Cabana de Poperechnoe нысанының құрылысы, сондай-ақ Altay Kompas ЖШС-нің туристік кешені мен ақпараттық орталығын салу көзделген. «Скай Тау Риддер» ЖШС жобасы аясында тау шаңғысы кешені мен қонақүйдің негізгі ғимараты қайта жөнделеді. Екінші кезеңде премиум санаттағы нысандар салынып, жаңа аспалы жол орнатылады. Үшінші кезеңде мотокросс, эндуро, багги және квадроциклдерге арналған трассалар салу жоспарланған, – деді Думан Рахметқалиев.

Оның айтуынша, аталған жобалардың жүзеге асуы туристерге арналған орналастыру орындарының санын 60 бірлікке дейін арттыруға мүмкіндік береді.
