• kz
  • ru
  • en
  • Астанада тағы 42 тұрғын үй кешені қалдықтарды бөлек жинау жобасына қосылады

    Елордада көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына қайталама шикізатты өз аулаларында сұрыптап, тапсыруға мүмкіндік беретін «Таза үй – Таза Ел» экологиялық жобасы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде «Жасыл даму» АҚ мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «Zero Waste» ЖШС, «Astana Qagazy» ЖШС, «ReClaim» ЖК және EcoQolday цифрлық платформасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

    Қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер «Көктал 2», «Ақтілек», «Бақыт Премиум», «Crocus City», «Бұқар Жырау», «Республика», «Sat City», «Степной» тұрғын үй кешендеріне орнатылды. Қазіргі таңда жоба инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтіліп, тағы 42 тұрғын үй кешенін қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Тұрғындар пластикті, макулатураны және шыныны өз аулаларындағы арнайы контейнерлерге тапсыра алады. Қайта өңдеуге жіберілетін қайталама шикізат алдын ала сұрыпталып, таза күйінде өткізілгені маңызды. Жиналған қалдықтардың барлығы отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіліп, жаңа өнім өндіруге пайдаланылады. Бұл өз кезегінде полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтып, қайта өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді мамандар.

    Жоба тұрғын үй кешендерінің өзіне де нақты пайда әкеледі. Тапсырылған қайталама шикізат үшін ақшалай қаражат есептеледі. Бұл қаражат тұрғындардың және үйді басқару органдарының шешімімен аулаларды абаттандыруға, қажетті жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға, сондай-ақ қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған өзге де бастамаларды жүзеге асыруға жұмсалуы мүмкін.

    «Таза үй – Таза Ел» жобасы қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және азаматтарды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға белсенді тартуға ықпал етеді.

    Spread the love