• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстанның ұлттық табиғи парктеріне келушілер саны артып келеді

    Соңғы үш жылда Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына (ЕҚТА) келген туристер саны 1,5 миллион адамға артты. Республика ұлттық парктерінде туристік инфрақұрылым жүйелі түрде жақсартылып келеді, деп хабарлайды infotabigat.kz Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисіне сілтеме жасап.

    Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы ЕҚТА-ларға 2,4 миллионнан астам адам келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллионнан асты, ал 2025 жылы 3,9 миллионнан астам адамды құрады.

    Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 31,1 миллион гектарды құрайды, бұл ел аумағының 11,4%-ына тең.

    Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесіне мыналар кіреді:

    Республикалық маңызы бар ЕҚТА:

    10 мемлекеттік табиғи қорық;

    14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк;

    8 мемлекеттік табиғи резерват;

    6 мемлекеттік ботаникалық бақ;

    5 мемлекеттік қорық аймағы;

    50 мемлекеттік табиғи қаумал;

    25 мемлекеттік табиғат ескерткіші;

    1 мемлекеттік дендрологиялық парк.

    Жергілікті маңызы бар ЕҚТА:

    4 мемлекеттік өңірлік табиғи парк;

    1 мемлекеттік дендрологиялық парк;

    22 мемлекеттік табиғи қаумал;

    22 мемлекеттік табиғат ескерткіші.

    Республика ұлттық парктерінде 121 туристік маршрут пен 35 соқпақ жұмыс істейді. Оларды абаттандыру және жаңа бағыттарды құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту және автоматтандыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

    Туристерді ұлттық парктерге бару қағидаларымен, туристік маршруттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарымен таныстыру және биоалуантүрлілікті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында инвесторлар салған келушілер орталықтары «Іле-Алатауы», «Шарын» және «Алтын-Емел» ұлттық парктерінде қызмет көрсетуде.

    Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл Даму» АҚ-мен бірлесіп «Таза туризм» бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен қоқыс жәшіктері, ақпараттық баннерлер мен фандоматтар орнатылып, келушілерге ұлттық парк аумағынан қалдықтарды өздігінен жинап шығаруға арналған биоыдырайтын пакеттер таратылуда.

    Ұлттық парктер аумағында оқушылардың, студенттердің, жергілікті тұрғындардың және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары тұрақты түрде өткізіледі. 2025 жылы 874 акция ұйымдастырылып, оларға 283,3 мыңнан астам адам қатысты.

    Spread the love