• kz
  • ru
  • en
  • Қарағанды облысында жаңбырлатып суару машиналарын шығару жоспарланып отыр

    Қарағанды облысында америкалық Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясы келісімге қол қойды. Жаңа жоба Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды, деп хабарлайды infotabigat.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Біз «Имсталькон» зауыты және Valley компаниясымен Қарағанды облысының аумағында жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру туралы келісімге қол қойдық. Бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи техникамен, қосалқы бөлшектермен және сапалы сервистік қызмет көрсетумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді «Евразия Инвест LTD» компаниясының құрылтайшысы Иван Георгиади.

    Сонымен қатар, «Евразия Инвест LTD» суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Биыл суармалы жерлердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Егіс алқаптарына қазірдің өзінде Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналары орнатылып жатыр. Жобаны іске асыруға қажетті негізгі материалдар Қарағанды облысынан сатып алынады, ал құрылыс-монтаж жұмыстарын жергілікті мердігер ұйымдар атқарады.

    Облыс әкіміне сондай-ақ Valley компаниясының суару жүйесін басқаруға арналған цифрлық платформасы таныстырылды. Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы датчиктердің көмегімен бұл жүйе нақты уақыт режимінде суару процесін бақылайды.

    Платформа топырақ пен өсімдіктердің жай-күйін талдап, дақылдардың ылғалға қажеттілігін есептейді және суару бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

     

    Spread the love