Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «Stop Musor» экологиялық жобасы аясында «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметімен бірлесіп Ақмола облысы Аршалы ауданында экологиялық акция өткізді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Аталған іс-шара республикалық «Taza Qazaqstan» акциясы мен су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.

Экологиялық акцияға 50-ге жуық волонтер қатысты. Сенбілік барысында қатысушылар Вячеслав су қоймасына іргелес аумақты, соның ішінде осы аумақта орналасқан табиғи бұлақ маңын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, бұлақтың айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара табиғи нысандарды сақтау, экологиялық мәдениетті дамыту және қоғамның қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына назар аудару мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Stop Musor» жобасының кезекті маңызды кезеңіне айналды.

Акцияның маңыздылығын «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі мамандарының қатысуы арттыра түсті. Олар алдын ала су сынамаларын алып, зертханалық талдау жүргізді. Зерттеу қорытындысы бойынша бұлақ басына QR-коды бар ақпараттық тақтайша орнатылды. Енді әрбір келуші QR-кодты сканерлеу арқылы су сапасына жүргізілген талдау нәтижелерімен танысып, судың химиялық құрамы мен негізгі сапа көрсеткіштері туралы ақпарат ала алады.

Осындай бастамалар табиғи нысандарды сақтауға ғана емес, сонымен қатар экологиялық ақпараттың халыққа қолжетімді болуына ықпал етеді, тұрғындардың экологиялық сауаттылығы мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

