Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасында жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының пилоттық жобасын іске асыру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кездесу барысында өңір басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, егін алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету және заманауи технологияларды енгізу өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді, деп хабарлайды infotabigat.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тұрақты көңіл бөліп келе жатқанын, климаттық өзгерістер жағдайында жаңа технологияларды енгізудің өзектілігі артып отырғанын айтты.

Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Бұл озық технология Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында қолға алынды. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген білікті инженерлер, ғалымдар мен пилоттар жергілікті мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, тәжірибелерімен бөлісті. Осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында өңірімізде маңызды жобаның іргесі қаланды. Алдағы уақытта бұл технология ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, жайылымдардың өнімділігін арттыруға және су тапшылығының салдарын азайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.



