• kz
  • ru
  • en
  • Сирек жануарлар мен құстар мекені – «Ырғыз–Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты

    «Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен құрылған, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Резерват Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналады. Резерваттың негізгі мақсаты – Бетпақдала таралымындағы ақбөкендер популяциясын, дүниежүзілік орнитологиялық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды, сондай-ақ далалық экожүйелер мен олардың биологиялық алуантүрлілігін сақтау, қорғау және қалпына келтіру.

    2016 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес резерват аумағы 409 962 гектарға кеңейтіліп, қазіргі таңда оның жалпы жер көлемі 1 173 511 гектарды құрайды. Ал резерваттың басқаруына берілген «Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалының» жерімен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жалпы көлемі 1 469 511 гектарға жетеді.

    Резерват Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра, Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтері аумағында орналасқан. Сонымен қатар оның аумағы Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарымен және Әйтеке би ауданымен шектеседі. Резерват құрамына №1 Атанбасы, №2 Алакөл және №3 Қосбүйрек табиғи учаскелері кіреді.

    Мекемеде бүгінгі таңда штаттық және штаттан тыс қызметкерлерді қоса есептегенде 118 маман еңбек етеді. Олар табиғи кешенді қорғау, ғылыми ақпарат және мониторинг, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қалпына келтіру, экологиялық ағарту және туризм, қаржы және ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағыттары бойынша қызмет атқарады.

    Ырғыз өңірі су айдындарына бай табиғи аумақтардың бірі саналады. Ауданда жалпы 95 көл тіркелген болса, оның 66-сы резерват пен қаумал аумағында орналасқан. Көлдер негізінен Ырғыз, Торғай және Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суларымен толығады.

    Резерват биоалуантүрлілікке ерекше бай. Мұнда сүтқоректілердің 44 түрі, құстардың 250 түрі, балықтардың 9 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 14 түрі және жоғары сатыдағы өсімдіктердің 422 түрі тіркелген. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрлері қорғалады. Атап айтқанда, ақбөкен, Бобринский жарқанаты, шағыл мысығы және қызғалдақтың сирек түрлері ерекше қорғауға алынған, – делінген хабарламада.


    «Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» табиғи экожүйелерді сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және экологиялық ағарту жұмыстарын жүзеге асыру арқылы еліміздің табиғи мұрасын келешек ұрпаққа аман жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

    Spread the love