• kz
  • ru
  • en
  • Астанада корей мәдениетіне арналған ауқымды фестиваль өтеді

    Астаналықтар K-POP пен корей асханасын тамашалай алады, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі 2026 жылғы қыркүйекте Сеул қаласында алғаш рет өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» бірінші саммитіне орай және екі ел халықтары арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында 2026 жылғы 1–2 тамыз күндері Астана қаласының Орталық саябағында корей мәдениетіне арналған ауқымды іс-шаралар кешенін ұйымдастырады.

    Іс-шаралар Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға және алдағы саммитке деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

    Екі күндік бағдарлама аясында:

    • Кимчи фестивалі (1 тамыз) және K-Marathon (2 тамыз) – Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшілігінің ұйымдастыруымен;
    • K-Fest (1 тамыз) – Астана қаласындағы «Қазақстан корейлер қауымдастығының» ұйымдастыруымен өтеді.

    Іс-шара барысында келушілерге арналған тақырыптық павильондар жұмыс істейді. Онда K-POP өнер көрсетілімдерін тамашалап, дәстүрлі корей мәдениетімен және ұлттық тағамдарымен танысуға, Корея Республикасындағы білім алу және туризм мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға, сондай-ақ түрлі интерактивті бағдарламаларға қатысуға болады.

    Іс-шараларға кіру тегін (K-Fest бағдарламасының кейбір бөліктерін қоспағанда, оларға қатысу ақылы). Барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Әрбір іс-шара туралы толық ақпарат Instagram желісіндегі ресми парақшаларда жарияланады:

    • Кимчи фестивалі – @koreanembassy_kz
    • K-Marathon – @koreanembassy_kz
    • K-Fest – @korean_ethno_astana

    Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі бұл мәдени іс-шара Қазақстан азаматтарының «Корея Республикасы – Орталық Азия» бірінші саммитіне деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени алмасуды дамытуға және екі ел халықтарының достығын одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенім білдіреді.

    Spread the love