ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.

Қазіргі уақытта Абай облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге арналған екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар іске қосылғаннан кейін кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 17,5 мың тоннадан астам макулатураны қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл қайталама шикізат айналымын ұлғайтуға, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және отандық өндірушілерді қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Осы жобалардың бірі – «Казлеспром LTD» ЖШС. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 2 534 тонна қағаз қалдығын қайта өңдеуді құрайды. Жобаның жалпы құны 316,7 млн теңге.

Қазіргі уақытта жоба бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Нысанда газ және электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды пайдалануға беру биылғы қыркүйек айына жоспарланған.
Екінші жобаны «ВостокГофротара» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 15 мың тонна қағаз қалдығын қайта өңдей алады. Жобаның құны 2 млрд теңге.

Бүгінде бөлінген қаражат толық көлемде игерілді. Қазіргі уақытта өндіруші жабдықтарды жөнелтуге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Дайындық деңгейі шамамен 30%-ды құрайды. Жабдықтың алғашқы партиясын жеткізу тамыз айына, ал екінші партиясын жеткізу қыркүйек–қазан айларына жоспарланып отыр. Жабдықтарды монтаждау жұмыстары 2027 жылдың бірінші тоқсанында жүргізіледі. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Еске салайық, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы көлемі 116 млрд теңгеге жуық қаражатқа 30 жоба қаржыландырылды. Мұндай жобаларды жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, қалдықтарды көму көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.

